Парламент

Мәжіліс заңнамаға рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша өзгертулерді мақұлдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Нұр-Сұлтан23 Желтоксан , 11:02

Айта өтейік, заң жобасы Мемлекет басшысының рұқсат беру құжаттарын 50 пайызға қысқарту туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасының мақсаты кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, бизнеске әкімшілік қысымды азайту және жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу тиімділігін арттыру болып табылады.

«Біз осыған ұқсас жұмысты 2011-2012 жылдары жүргізген болатынбыз. Нәтижесі бойынша 2011 жылғы 15 шілдеде және 2012 жылғы 10 шілдеде заңдар қабылданды, олардың әрқайсысында рұқсаттарды 30%-ға қысқарту көзделген. Рұқсат беру жүйесін, оның ішінде барлық рұқсат беру құжаттары мен хабарламалардың толық тізбесін қалыптастыру арқылы жетілдіру мақсатында 2014 жылғы мамырда «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң қабылданды. Заңда көзделген рұқсаттардың жалпы саны 481 рұқсат пен лицензияланатын қызмет түрлерінің 227 кіші түрін құрайды. Ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты оның тұжырымдамасына сәйкес көрсетілген рұқсат беру құжаттарын қысқарту және оларды беру тәртібін жеңілдету болып табылатынын айта кету керек», - деп баяндады ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, қысқартылатын әрбір рұқсат құжатын Үкімет жанындағы кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия жеке-жеке қарап, мақұлдаған.

«Бұл ретте, тиімді және сараланған нәтижеге қол жеткізу мақсатында қайталанатын және артық рұқсаттарды алып тастау, рұқсаттарды хабарлама жасау тәртібіне ауыстыру, оларды алу үшін талаптарды қайта қарау сияқты тұжырымдамалық тәсілдер пайдаланылды. Осылайша, заң жобасында 39 рұқсаттың күшін жою, яғни заңнамадан, сондай-ақ реттеуші мемлекеттік органдар құзыретінен рұқсат беру құжаттарын беру жөніндегі функцияларды алып тастау көзделген. 18 рұқсатты хабарлама жасау тәртібіне ауыстыру, яғни кәсіпкерге қызметті бастағанға дейін реттеуші мемлекеттік органға қажетті ақпаратты көрсете отырып, хабарлама жіберсе жеткілікті болады», - дейді Е.Досаев.

Сондай-ақ, 95 рұқсат беру рәсімін оңтайландыру – «бір терезе» қағидаты бойынша, яғни рұқсат берген кезде кәсіпкердің құжаттар жинау мен дайындауға барынша аз қатысуын және оның мемлекеттік органдармен тікелей байланыстарын шектеуді көздейтін рұқсат құжатын орталықтандырылған түрде беру көзделген.

«Адам денсаулығы мен өміріне, экологияға, ұлттық қауіпсіздікке, сондай-ақ халықаралық келісімдердің бұзылуына тікелей қауіп төнуіне жол бермеу мақсатында, Үкімет жанындағы кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия аса қауіпті қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған 52 рұқсат, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері шеңберінде регламенттелетін 41 рұқсат беру құжаты да қысқартуға жатпайды деп шешті», - деп атап өтті министр.

Е.Досаев жеткізгендей, рұқсаттар санын қысқарту мемлекеттік кірістердің қысқаруына әкеледі. Бұл қысқартуға жататын 11 құжаттың ақылы негізде берілуіне байланысты.

«Осыған байланысты заң жобасы республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралды және оң шешімге ие болды. Заң жобасында «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңда көзделген рұқсат беру құжаттарын қысқарту болжанғандықтан, сондай-ақ бірқатар рұқсат беру құжаттары бюджетке мемлекеттік алым төлеуді көздейтінін ескере отырып, салалық заңдардың ережелеріне тиісті түзетулер енгізіледі», - деді Е.Досаев.

Сонымен, 7 кодекс пен 30 заңға қайталанатын және артық рұқсат беру құжаттарын жоюға, рұқсаттарды хабардар ету тәртібіне ауыстыруға және рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.




Яндекс.Метрика