Жұмыспен қамту және еңбек саясатын жаңғырту

Мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа құралдары еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті қысқартады

Дағдарыстың бірінші толқынына қарсы тұру шараларының бірі ретінде пайда болған халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламасы («Жұмыспен қамту-2020») уақыт өте келе еліміздің индустриалдық-инновациялық дамуына негізделген бағытының маңызды әлеуметтік құрамдас бөлігі ретіндегі толыққанды әрі өз алдына жеке дара стратегиялық құжатқа айналды.
Казахстан11 Қаңтар , 00:00

Болуы мүмкін қаржылық-экномикалық дағдарысты күту  кезеңінде халықты жұмыспен қамту мен еңбекке ақы төлеуді қамтамасыз ету саясатын жаңғырту ең ақылға қонымды қадам болып табылады.

«Әлемдік тұрақсыздықтың ең басты қаупі – жұмыссыздықтың өсуі. Елде жүзеге асырылып жатқан  мемлекеттік, салалық  бағдарламалардың қандай да бір жартылай бөлігі ғана емес,  барлығы түгелдей толығымен,  нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі қажет», - деп атап айтты Президент Нұрсұлтан Назарбаев, «Қазақстан - 2050» Стратегиясының негізгі қағидаларын жариялау кезінде.

Басқаша айтқанда, бұдан былай жұмысқа орналастыру міндеті дамудың барлық салалық бағдарламаларына кіргізілетін болады. Бұл жоғарыда айтылған жаңғыртудың ең маңызды бөлігі.

Бүгінде жұмыс істеп тұрған «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020» 2011 жылдың басында әзірленіп, 2011 жылдың ортасында күшіне енді.  Құжатта айтылғандай, бағдарламаның мақсаты – тұрақты әрі өнімді жұмыспен қамтуға көмектесу арқылы жұртшылықтың табысын арттыру болып табылады.

Бұл міндетті орындау шараларды әзірлеудің кешенді сипатын білдіретіндіктен, құжат авторлары елдігі жұмыссыздық жағдайын түбірімен өзгертуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін  бірнеше бағытты бірден белгілеуге шешім қабылдады.

Ең алдымен, өз бетімен күн көретін азаматтардың көптеген санаттарын экономикалық іс-әркетке тарту тетігін айқындау және олардың әлеуметтік қолдау көрсету жүйесіне қатысуын заңдастыру қажет болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда экономикалық белсенді және еңбекке қабілетті азаматтардың жалпы санының шамамен 32%-і өз бетімен күн көрушілер екен.

«Бағдарламаның мақсаты – жұртшылықтың табысын арттыру. Екінші жағынан, өз бетімен күн көрушілерге қатысты, біз бүгінде өз бетімен күн көрушілерді жария табыспен қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл олардың ортақ әлеуметтік жүйеге қатысулары үшін қажет», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бұл міндетті шешу үшін профильдік ведомство бірден бірнеше шараны ұсынады.

«Біріншіден, өз бетімен күн көрушілер, аз қамтылғандар мен жұмыссыздар жаңа кәсіпті тегін меңгереді, өз біліктіліктерін көтереді, кәсіби даярлықтан және қайта даярлаудан өтеді. Оның үстіне мемлекет шәкіртақы төлеп, жатын орын мен жол ақысын төлеуге және жұмысқа орналасуға көмектеседі», - деп түсіндірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Дәулет Арғандықов.

2011 жыл жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асырудың белсенді кезеңінің заңнамалық, ұйымдастырушылық, әкімшілік және қаржылық негіздерін дайындаудың ілкі жылы болғандықтан, барлық белгіленген шаралар өңірлерде іс жүзіне орындалу сатысында тұр деуге болады. Оның үстіне, есептіліктің мәліметтеріне қарағанда, өз бетімен күн көруші қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау көрсету құралдарына қызығушылығы күтілген деңгейден  асып түсті.  

«Кадрларды қайта даярлау жоспары 2 469 адамды құраған, іс жүзінде оқуға жіберілген адамдар саны 2 689, бұл жоспардың 108,9 %. Біліктілікті көтеру жоспары -  832 адам. Іс жүзінде 909 қатысушы оқуға жіберілген, яғни жоспардан 109,3 % артық. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру жоспары 2012 жылы 1 751 адам болса, іс жүзінде 3 265 адам жіберілген, немесе қаржы 186,5 %, толығымен игерілген», - деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлева.

ҚР Еңбек министрлігінің айтуынша, барлығы 9 ай ішінде 93,7 мың қазақстандық Бағдарлама қатысушысы болған. Егер, алғашқы болжам бойынша бағдарламаға жыл сайын 100 мың адам қатысады деп күтілгенін айтар болсақ, бағдарламаның ел халқының түрлі санаттары арасында сұранысқа ие екендігі туралы батыл айтуға болады.   

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде айтылғандай, бағдарлама қатысушыларының келешекте қартаюы, жұмыстан айырылып қалуы немесе денсаулығының төмендеуінің салдарынан болатын тәуекелді қатерлер олардың әлеуметтік және зейнетақылық қамтамасыз етілудің және сақтандырудың   ортақ жүйесіне тартылуы себепті едәуір төмендейтіндігі принципті маңызды жайт болып табылады.   

«Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020»-ның  екінші бағыты – кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу. Мемлекет мұнда да міндетті шешудің жұмыс істейтін әрі көкейкесті тетігін – шағын несиелендіруді ұсынды.   

«Өндіріс аз жерде біз шағын несиелендірумен айналысамыз. Сондықтан жұмыспен қамту бағдарламасы бизнесін жалғастырғысы келетіндерге де, жаңадан бастағысы келетіндерге де шағын несие беруді көздейді», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

«Индустриаландыру мен урбанизация (қалалану), көші-қон өндіріс пен халықтың экономи калық өсімнің білгілі бір нүктелеріне (өңірлерге) жиналуы – дамудың өзара тығыз байланысты үрдістері. Сондықтан да, «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020»-ның үшінші бағыты (еңбек ресурстарының мобилділігі – ред.ескертпесі) елді Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасының ең маңызды факторларының бірі болып табылады», - деп сенеді Сүлеймен Демирель атындағы университеттің профессоры, э.ғ.д. Болат Тәтібеков.

Президент Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап айтқан өңірлерді дамытудағы теңгерімсіздік - еңбек ресурстарының төмен мобилділігінің басты себебі болуда. Бүкіл әлемде жұмыс күші жұмыс орнын іздеп  барады, керісінше емес.

«Жол картасы» бағдарламасында қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар «Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020»-ның негізіне алынды, яғни уақытша шаралар жаңа жағдайдағы жұмыспен қамту стратегиясына айналды.  2009 жылы Женевадағы Халықаралық еңбек конференциясында Жұмыс орны туралы Пакт (GJP) қабылданды, онда еңбек және әлеуметтік салалар бойынша дағдарысқа қарсы  бірқатар шаралар ұсынылған. Пакттың кейбір бөліктері «Жол картасында» және кейіннен «Халықты жұмыспен қамту бағдарламасында» да ескерілді», - деп түсіндірді Халықаралық еңбек ұйымының Ұлттық үйлестірушісі Талғат Өміржанов.

Халықаралық тәжірибеге бағытталып, ең үздік шешімдерге бейімделу – маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешудегі қазақстандық амалдың анағұрлым тиімді әрі айырықша ерекшелігі. Қол жеткен нәтижелерге көз салсақ, бұл практика өз жемісін беруде, сөйтіп, Қазақстанға күрделі дағдарыс жағдайында өзіне ғана тән ерекше әрі баға жетпес тәжірибе жинағандығы туралы мақтанышпен айтуға мүмкіндік беруде.   

«Жұмыссыздық деңгейі 17-19%-ке жеткен 90-шы жылдар да басымыздан өтті. Соңғы жылдары, 2008-2010 жылдардағы дағдарыс кезеңіндегі «Жол картасы» бойынша қабылданған шаралардың арқасында, сондай-ақ индустриалдық-инновациялық бағдарламаның арқасында жұмыссыздық деңгейі 5,4% дейін төмендеді», - деп атап өткен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Тақау жылдары Үкімет жұмыссыздықты төмендету мен оған одан әрі қарсы тұрудың жаңа тетіктерін талқылауға ұсынады, сондай-ақ дамытудың түрлі салалық мемлекеттік бағдарламаларын бизнеске қолдау көрсету жөніндегі шаралар жүйесі мен жаңа жұмыс орындарын құру бойынша біріктірудің мүлдем жаңа схемасын әзірлемекші.

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында тура осындай міндетті алға қойды.  «Үкімет пен әкімдерге 2013 жылы бұған дейін қабылданған барлық бағдарламаларды кәсіпкерлікті дамыту және бизнеске қолдау көрсету бойынша біріктіруді, жұмыссыздық пен табысы аз жандардың жоғары проценті байқалатын өңірлерге бюджет қаржысын бөлу тетігін әзірлеуді   тапсырамын», - деп тапсырды ҚР Президент Н.Назарбаев, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялау кезінде.




Яндекс.Метрика