Мәдениетті жаңғырту

А.Мұхамедиұлы: Қазақстан жазушылары кітапханаларға кітаптар топтамасының жинағын сыйлайды

Қазақстан жазушылары кітапханаларға кітаптар жинағын сыйлайды.Бұл жөнiнде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күніне арналған «Оқырман қауым – ұлы дала елінің болашағы» тақырыбындағы Халықаралық Оқу Конгресінде мәлiмдедi.
Нұр-Сұлтан 27 Қараша, 11:32

«Қазiргi уақытта Қазақстан тек интеллектуалды мемлекет қана емес, ол дүние жүзiнде ерекше орны бар геосаясат жүйесiндегi ерекше мемлекет. Бүгiнде қазақстандықтардың, жастардың бiлiмге деген құштарлығы өте ерекше екенiн көрiп отырмыз. Соның бiр дәлелi – бүгiн ұйымдастырылып отырған шара. ҚР Тұңғыш Президентi күнi қарсаңында мұндай ауқымды шаралар өткiзу орынды деп санаймын. Айта кету керек, қазiргi уақытта жастар, магистратура, докторантурада бiлiм алып жатқан жастар кiтапханаларға жиi келуде. Бұл өте қуанышты жағдай», - дедi министр.

А.Мұхамедиұлы жастарды кiтап оқуға тарту, олардың қызығушылығын тудыруда елiмiздегi кiтапханалардың жан-жақты жұмыстарының да рөлi жоғары екенiн айтты.

«Қазір Қазақстанның жазушылары мен мәдениет қайраткерлері әр түрлі мекемелерге өздерінің кітаптар топтамасының жинағын сыйлауда. Мәселен, Мырзатай Жолдасбеков Академиялық кітапханаға 9000 кітап сыйлады. Бұл акцияға өзге жазушылар да қатысуда. Олардың қоржынында өте қымбат, сирек кездесетін кітаптар да бар», - деді министр.

Еске сала кетсек, бүгін елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күніне арналған «Оқырман қауым – ұлы дала елінің болашағы» тақырыбында Халықаралық Оқу Конгресі басталды. Конгресс «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлттық жоспары бойынша институционалды реформаларды жүзеге асыру аясында өткізіліп отыр. 





Яндекс.Метрика