Өңірлер

Павлодар облысының инвестициялық мүмкіндігі ҚР-дағы Норвегия елшісіне таныстырылды

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Норвегияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оле Йохан Берной мырзамен кездесу өткізді , деп хабарлады облыс әкімдігі.
Павлодар26 Қараша , 17:41

Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ұсыныстарды талқылады.

«Инвесторлар облыстың ықпалдастық әлеуетіне оң баға беріп отыр. Соңғы үш жылда негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі үштен бірге артып, өткен жылы 2,0 млрд. долларға жуық соманы құрады. Оның ішінде 470,0 млн. доллар немесе жалпы инвестиция көлемінің төрттен бір бөлігі – шетелдік инвестиция. Атап өтетіні, шетелдік инвестиция үлесінің өсу үрдісі жалғасын табуда. Аймақта жағымды инвестициялық жағдай жасау үшін бар күш-жігерімізді салудамыз»,- деп атап өтті аймақ басшысы.

«Георгафиялық тұрғыдан тиімді орналасуымыз біздің бәсекелік қабілетімізді басымырақ етеді. Облысымыз Қазақстанның төрт облысымен және Ресейдің үш облысымен шекаралас. Аймағымыздың тұрақты сауда-экономикалық байланыстары қалыптасқан. Біздің айтарлықтай табиғи қорларымыз және жобаларға арналған жер телімдеріміз, дамыған өнеркәсіптік және көліктік инфрақұрылымымыз, арзан электр энергиясы, салықтық жеңілдіктері бар «Павлодар» арнайы экономикалық аймағымыз бар»,- деді Қанат Бозымбаев.

Қазақстанның ЕАЭО-ның құрамына енуі одаққа мүше елдермен сыртқы сауда көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Нарық көлемі 12 млрд. АҚШ долларын және 25 млн. адамды құрайды.

Оған қоса облысымыз біртұтас коммуникациялық желіні құрайтын көлік кешеніне ие, оның құрамында автомобильдік, теміржол, өзен көлігі және Павлодардың халықаралық мәртебеге ие әуежайы бар.

Қанат Бозымбаев сондай-ақ Норвегияға өңделмеген алюминийді жеткізу ісін жандандыру жөнінде ұсыныс жасады.

Елші өз кезегінде норвеждік тараптың Павлодар облысымен білім беру саласындағы ынтымақтастығы табысты екенін атап өтті. Мәселен, аймақ колледждері кәсіптік-техникалық кадрларды даярлаудың норвеждік үлгісін енгізу тәжірибесін қабылдап отыр.

Оле Йохан Берной мырза Павлодар облысына жасаған сапарының қорытындысы бойынша Норвегия Үкіметіне Норвегия мен Қазақстан арасында кедендік салықтарды төмендету жөнінде қол қойылған келісімді есепке алумен, сондай-ақ Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуіне байланысты өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларына инвестиция құю үшін аймағымыздың үлкен мүмкіндіктері мен экономикалық әлеуеті жөнінде толық баяндама әзірленетінін айтты.

 




Яндекс.Метрика