EXPO-2017

Парижде қазақстандық делегация ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы жөнінде есеп берді

Парижде Халықаралық көрме бюросы Бас Ассамблеясының 158-сессиясы өтті, оған ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары Рапиль Жошыбаев пен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы бастаған қазақстандық делегация қатысты.
Әлемде26 Қараша , 12:49

Отырыста ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы туралы есеп тыңдалды, деп хабарлады Ұлттық компания.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов көрме кешенінің құрылыс жұмыстары, халықаралық қатысушылар мен демеушілер тарту және көрмені ілгерілету жайында айтты.

Басқарма төрағасы бүгінгі таңда 54 ел мен 11 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растап, 29 Халықаралық павильондар секциясының комиссары тағайындалғанын атап өтті. ҚР Үкіметі мен ХКБ арасында See Agreement шартына қол қойылған.

Көрмеге 3 айда 2,1 миллион адам келеді деп болжанып отыр. Оның 85%-ы Қазақстан азаматтары болса, 15%-ы – шетелдіктер. Skyway International Travels, STIC Travel Group және CITS халықаралық туроператорларымен келісімшарт жасалды.

Көрме кешенінің құрылысы 2014 жылдың 24 сәуірінде басталды. Кестеге сәйкес биылғы жылдың желтоқсанында Ұйымдастырушылар офисі пайдалануға берілуі тиіс.

Тұжырымдамаға сәйкес, Ұлттық павильон «Шар» нысаны негізінде орналасады, бүгінде ғимараттың негізгі қаңқасы бойынша құрылыс жұмыстарының 60%-ы аяқталды. Халықаралық және тақырыптық павильондардың да құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Халықаралық көрмелер бюросы жобаның жүзеге асырылу барысын тұрақты түрде бақылап отыр.

 




Яндекс.Метрика