Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

Н.Назарбаевқа Тұңғыш Президент – Елбасы қорының жұмысы баяндалды

Мемлекет басшысы Тұңғыш Президент – Елбасы қорының басшылығымен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан25 Қараша , 17:56

Кездесу барысында Елбасы Қордың биылғы қызметінің қорытындылары туралы есепті тыңдады. Нұрсұлтан Назарбаевқа жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мекеменің орта мерзімге арналған жоспарлары да таныстырылды.

Қордың атқарушы директоры С.Нұрахановтың айтуынша, 2015 жылы үш негізгі бағыт – ғылыми және шығармашыл жастарды қолдау, әлеуметтік бағдардағы жобаларды жүзеге асыру және қайырымдылық шаралары, сондай-ақ ақпараттық-талдамалық қызмет бағытында жұмыс жүргізілді.

«Қор жыл бойы сыйақылар, стипендиялар мен гранттар тапсыру жөніндегі конкурстық бағдарламаларды ғана жүзеге асырып қоймай, «Алтын тобылғы» жаңа әдеби сыйлығы сияқты жаңа бағдарламалар да ұсынды, оның нәтижелері желтоқсанда жарияланады», – деді С.Нұраханов.

Кездесу барысында сөз сөйлеген Әлемдік экономика және саясат институтының директоры С.Әкімбеков биылғы қарашада Назарбаев орталығында өткен Астана клубы отырысының қорытындылары туралы баяндады. Бұл шарада әр жылдары мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының әкімшіліктерінде жұмыс істеген, қазіргі кезде өз елдерінің саяси элитасына консультативтік қолдау көрсетіп жүрген әлемдік зияткерлік ірі орталықтардың сарапшыларының бір үстелдің басына жиналғаны атап өтілді.

Нысанда болу барысында Қазақстан Президенті елдің түрлі аймақтарының қайталанбас көріністері қойылған «Беймәлім Қазақстан» фотокөрмесін аралап көрді.

Есепті кезеңде Қор 24500-ден астам адамды қамтыған 46 әлеуметтік, ғылыми, мәдени іс-шаралар өткізді. Тағы 17 іс-шараны жыл аяғына дейін өткізу жоспарлануда.

Жыл сайынғы «Әлеуметтік идеялар мен жобалар» жәрмеңкесінде Қазақстан өңірлерінен 22 үкіметтік емес ұйым Қордың қаржылық қолдауына ие болды. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және сауықтыруға, инклюзивті қоғамды дамытуға, түрлі этнос өкілдері арасындағы достық, татулық және келісімді нығайтуға, отбасының әлеуметтік ортадағы (социумдағы) мәртебесі мен рөлін арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылды.

«Мектепке жол» қайырымдылық шарасы аясында тасқын судан зардап шеккен өңірлерден 1000 бала 1 қыркүйекте оқушы сөмкесі мен мектепке қажетті құралдар алды.  Балаларды қорғау күнінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 300 балаға сыйлықтар берілді.  Өңірлік арнаулы мектеп-интернаттардағы мүмкіндігі шектеулі 1300 бала «Аман Келешек» атты балалар мәдени-спорттық фестиваліне қатысты.

Қор сондай-ақ шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға және ғылыми зерттеулер жүргізуге 9 грант бөлді, мәдениет пен ғылымның жас қайраткерлеріне 20 сыйлық тағайындады.

Қазақстан қалаларының белсенді әрі талантты 80 студентіне дәстүрлі стипендиялар берілді.

 




Яндекс.Метрика