Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Иран сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты белсенділетуде

Иранға сапары шеңберінде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовты Иран президенті Хасан Рухани қабылдады. Министр Елбасының жеке құттықтауын және Иран президентінің 2014 жылдың күзінде Астанаға келген мемлекеттік сапарының қорытындыларына берген жоғары бағасын жеткізді. Аталған сапар барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың көптеген басым бағыттары және бірқатар халықаралық және өңірлік өзекті проблемалар талқыланған болатын.
Әлемде25 Қараша , 18:14

Президент Х. Рухани Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудегі рөлі мен бастамаларын, сондай-ақ Иран ядролық бағдарламасы бойынша Венадағы халықаралық келісімге қол жеткізу үдерісіне қосқан маңызды үлесін жоғары бағалайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Х.Рухани Ирандағылардың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылдың бірінші жартысында Тегеранға ресми сапармен келуін тағатсыздана күтуде екендігін де атап өтті.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің Иран үкіметі мүшелерімен екіжақты кездесуі сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және транзиттік-көлік ынтымақтастығын жандандыру сипатында өтті.

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен сұхбат барысында Иран мен Қазақстан арасындағы саяси саладағы ынтымақтастықтың барынша басым бағыттары қарастырылды, сондай-ақ  терроризм мен экстремизмнің таралу қаупіне байланысты өңірлік проблемалар талқыланды. Тараптар алдағы уақытта екіжақты экономикалық ынтымақтастықты жан-жақты кеңейту қажеттігіне, Қазақстан аумағы арқылы Қытайдың теңіз порттарын Парсы шығанағымен сауда-көлік бағытында қосуды көздей отырып, Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол қатынасының транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді және толық пайдалануға, туристер мен бизнес үшін визалық режимді жеңілдету мүмкіндіктеріне, сондай-ақ Каспий келіссөздері форматындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.      

Сыртқы істер министрі Иран тарапына аталған елдің Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу туралы шартты қолдағаны және қол қойғаны үшін ризашылығын білдірді.  

ИИР Индустрия, тау-кен өнеркәсібі және сауда министрі Мухаммад Реза Нематзадемен және Мұнай министрі Бижан Занганемен тау-кен өнеркәсібіндегі және  саудадағы ынтымақтастық, Иран мен Қазақстан арасындағы теміржол инфрақұрылымдарын, жүк және астық терминалдарын дамыту перспективалары, ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану және геология, банк саласындағы ынтымақтастықты жолға қою, тікелей авиақатынастарды, оның ішінде екі елдің өңірлері арасындағы қатынастарды кеңейту, мұнай шикізатының SWAP-операцияларын жаңарту және мұнайгаз, мұнайхимия салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Иран тарапы Қазақстанның іскер тобын Иран нарығындағы бірқатар жаңа жобаларды бірлесе отырып іске асыруға белсенді түрде қатысуға үндеді.  

Жалпы алғанда, сапар қорытындысы бойынша таяу арада сауда-экономикалық, энергетикалық және инвестициялық салалардағы бірқатар практикалық мәселелер бойынша сараптамалық келіссөздер, сондай-ақ Елбасының Иранға сапары қарсаңында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі екіжақты жұмыс тобының кездесулерін өткізу туралы нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.  

 




Яндекс.Метрика