Адами капитал

Қазақстанның қоғам қайраткерлері «Нұр Отан» қатарына қабылданды

Бүгін Астанада «Нұр Отанның» Орталық аппаратының ғимаратында елімізге танымал тұлғаларды партия қатарына қабылдаудың дәстүрлі салтанатының рәсімі өтті.
Нұр-Сұлтан25 Қараша , 14:03

Әдебиетіміз бен өнеріміздің көрнекті өкілдері, спорт шеберлері, бизнесмен мен журналистер  (барлығы 13 адам) партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қолынан мүшелік билеттерін алды. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген А. Мырзахметов бүгінгі уақытта «нұротандықтар» қатарының миллиондық межеге жақындап қалғанын айтып, мүшелік билеттерін алған әріптестерін құттықтады.

«Жыл сайын партияға деген ел сенімінің артып келе жатқаны - үлкен қуаныш. Әсіресе өздеріңіздей, әдебиет, мәдениет, өнер, спорт т.б. салаларда толайым табыстарға қол жеткізіп, ел мақтанышына айналған айтулы тұлғаларымыздың партияға өтуінің маңызы біз үшін өте зор. Сіздердің бұл шешімдеріңізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына қолдау білдірген ниеттеріңіз ретінде қабылдаймын», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында партия Төрағасы Бірінші орынбасарының қолынан билеттерін алғандардың ішінде ұлттық поэзиямыздың көрнекті өкілі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, айтыс өнерінің жанашыры  Жүрсін Ерман, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері  Серік Ақсұңқарұлы, жас ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, көсемсөзші Ауыт Мұқибек, спорт саңлағы – Қазақстанның ең үздік футболшыларының бірі Давид Лория, «Түйе балуан» жарысының жеңімпазы Жұманазар Ерсұлтан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Керімбаев, эстрада жұлдызы Маржан Арапбаева, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының (Астана) актері, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нүркен Өтеуілов, 2015 жылғы сайлауда Президенттің сенімді өкілі болған, «Global Eagles» ЖШС Бас директоры Дастан Нүскенов пен БАҚ өкілдері - «Қазақстан» РТРК АҚ ұлттық телеарнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы – «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының бас директоры Уәли Қыдыр мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы шығармашылық бірлестігінің редактор- жүргізушісі, Ирина Тен бар.

Саналы ғұмырын ақындар айтысына арнап, атамұра өнеріміздің өркендеуіне  елеулі еңбек сіңірген талантты ақын, Мұқағали Мақатаев сыйлығының  иегері Жүрсін Ерман  сөйлеген сөзінде, тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдар ішінде қазақ халқының мұрат-мүддесіне, мәңгі ел болу мақсатына, әлемдегі ең озық елдердің қатарына қосылуға ұмтылған мемлекетімізге «Нұр Отандай» қызмет ете алған ешбір саяси ұйымның болмағанын атап өтті: «Партияның саяси-әлеуметтік құрылысымызды, экономикалық әлеуетімізді жетілдіре отырып, тарихымызды түгендеп, дәстүріміз бен салтымызды, тіліміз бен дінімізді сақтауға жұмсап отырған күш-жігері менің көзқарасыммен үйлеседі. Мемлекетіміздің ішкі-сыртқы ынтымағы, бейбіт өмірі осы партияның дұрыс саясатының арқасы. Республикамыздың тағдырына алаңдайтын әрбір саналы азамат «Нұр Отанның» қатарынан табылуы керек».

Айта кетейік,  «Нұр Отан» 868 мыңнан астам мүшесі бар еліміздегі ең ірі саяси ұйым болып табылады. Төрағасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Партияның 5643 бастауыш партия ұйымы, ірі кәсіпорындарда 4 филиалы және бастауыш партия ұйымының базасында 13 филиалы бар. 

 

 




Яндекс.Метрика