«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

Маңғыстау облысында жыл соңына дейін тағы 5 балабақша пайдалануға беріледі

Маңғыстау облысында жыл соңына дейін тағы 5 балабақша пайдалануға беріледі, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Маңғыстау 30 Қазан, 14:32

Ағымдағы жылы білім беру шығыны 45,5 млрд теңгені құрады. Бүгінде аймақта балаларға арналған мектепке дейінгі 217 мекеме жұмыс істейді, оларда 29,7 мың бала тәрбиеленуде.

«Білім беру нысандарын дамытуға 7,6 млрд теңге қарастырылды, оның ішінде республикалық бюджеттен - 4,1 млрд теңге және жергілікті бюджеттен  3,5 млрд теңге. Бүгінде 2790 орынға есептелген 12 балабақша пайдаланылуға берілді. Атап айтар болсақ, Мұнайлы ауданында әр қайсысы  280 орынға есептелген 2 балабақша, Бейнеу ауданында әр қайсысы  140 орынға есептелген 2 балабақша,  Түпқараған ауданында 140 және 50 орынға есептелген 2 балабақша, Ақтауда 4 балабақша – 1-уі 280 орынға есептелсе, 3-уі  840 орынған есептелген, Жаңаөзенде 640 орынға есептелген 2 балабақша ашылды. Бұдан басқа, 760 орынға есептелген 11 жекеменшік балабақша ашылды. Сонымен қатар 1080 орынға есептелген тағы 5 балабақшаның құрылысы аяқталуда», - деді Маңғыстау облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Светлана Нарешова.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қарақиян ауданындағы Жетібай ауылында 280 орынға есептелген балабақшаның және Бейнеу ауылында 900 орынға есептелген орта мектептің құрылысы басталды.

«Қарақиян ауданындағы Құлан мен Жетібай ауылдарында әр қайсысы 624 орынға есептелген екі мектеп пайдаланылуға берілді, білім ошақтарының құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Осылайша Маңғыстау облысында апатты жағдайдағы мектептер мәселесі түбегейлі шешілді», - деп атап өтті С. Нарешова.

Үш ауысымда жұмыс істейтін мектептерді жою мақсатында Мұнайлы ауданының Атамекен ауылында 1200 орынға есептелген орта мектептің құрылысы жүргізілуде. Білім беру саласының 7 нысаның күрделі жөндеуден өткізу мақсатында жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді.

 





Яндекс.Метрика