Халықаралық интеграция

Қазақстан Елшісі Мальта Орденінің Князі және Ұлы Магистріне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді Қасиетті Иерусалим Иоанны, Родос және Мальтаның Егеменді Әскери Госпитальерлері Орденінің Князі және Ұлы магистрі Фра Мэтью Фестингке сенім грамоталарын табыстады, деп хабарлады СІМ.
Әлемде29 Қазан , 18:09

Салтанатты рәсімге Ұлы Командор Фра Людвиг Хоффман фон Румерштейн, Ұлы Канцлер – Сыртқы істер министрі Альбрехт Фрайгер фон Бёзелагер және Мальта Орденінің басқа жоғары санатты лауазымды тұлғалары  да қатысты.

Салтанаттан кейін өткен әңгіме барысында Қазақстан және Мальта арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Фра Мэтью Фестинг ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін ұйымдастыру бойынша бастамасына жоғары баға беріп, бұл дінаралық диалогты дамыту халықаралық қауымдастықтың сұранысына жауап береді және Мальта Орденінің мүдделеріне сай келетіндігін атап кетті, сондай-ақ 2016 жылғы мамырда Ыстамбұлда жоспарланған Халықаралық гуманитарлық саммит барысында Қазақстан Басшысымен кездесуге үміт білдірді.

Сонымен қоса, Князь Фра Мэтью Фестинг «ЭКСПО-2017» «Болашақ энергия» тақырыбының өзектілігін атап өтті. Ол Мальта Орденінің Астанада өткізілетін келешек көрмеге қатысуға қызығушылығын растады.

Қазақстанның бітімгершілік саясаты мен әлемдік сахнадағы өсіп келе жатқан рөлін айтып, Мальта Орденінің басшысы Ауғаныстанда соғыстан зардап шеккендерге және зәру адамдарға арнап бірлескен қайырымдылық жобасын жасауды ұсынды. Қазақстандағы әлеуметтік тұрақтылығы, этносаралық келісімі және діниаралық үйлесімділігі Мальта Орденінің жоғары моральдық құндылықтары мен мақсаттарына сай келетінін атап өтті.

 

 




Яндекс.Метрика