Үкімет

Үкімет отырысында бизнеске арналған рұқсат құжаттарын қысқарту мәселелері бойынша заң жобасы мақұлданды

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді, оның барысында ҚР ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «Қазақстан Республикасының рұқсат құжаттарын қысқарту және рұқсат рәсімдерін жеңілдету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын таныстырды, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.
Астана қаласы29 Қазан , 15:03

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының 2015 жылы рұқсат құжаттарын 50%-ға қысқарту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Оның басты мақсаты қайталанатын және артық рұқсат құжаттарын алып тастау, рұқсаттарды хабарлау тәртібіне ауыстыру және рұқсат рәсімдерін оңтайландыру арқылы бизнеске әкімшілік қысымды азайту болып табылады. 

Ерболат Досаев заң жобасында 481 рұқсаттан құралған толық тізім бекітілгенін айтты. Оған қоса, қару-жарақ, есірткі заттары, өрт сөндіру қызметі және басқа да салаларда қауіпті қызмет түрлерін жүзеге асыруға рұқсаттар - 52, сондай-ақ халықаралық міндеттемелер аясында регламенттелетін рұқсаттар - 41 қысқартуға жатпайды.

Осылайша, Е.Досаев баса айтып өткендей, қысқартудың 50%-на қол жеткізу үшін 194 рұқсатты қысқарту қажет. Заң жобасында 152 рұқсатты немесе жалпы санының 39%-ын қысқарту көзделген. 

«Сонымен қатар, өткен жылдың соңында қабылданған «ҚР-ның кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында рұқсат құжаттарының шамамен 11% немесе 42 рұқсат қысқарған болатын. Қарастырылатын заң жобасын қабылдау қысқартулардың жалпы санын 50%-ға жеткізуге мүмкіндік береді деген ойдамыз», - деп толықтырды ол.

«Мысал келтірер болсақ, егер бұрын көлік құралына жарнама орналастыру үшін сәйкес рұқсат құжатын алу қажет болса, ал осы заң жобасын қабылдаған соң оны алу қажет болмайды», - деп түйіндеді министр.

Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі заң жобасын мақұлдады. 

 

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика