Парламент

Сенат ақпараттандыру туралы заң жобасын қабылдады

Бүгiн Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Ақпараттандыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ақпараттандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» екі заңды қабылдады.
Астана қаласы29 Қазан , 13:37

Заң жобасының мақсаты ақпараттандыруды ұйымдастырудың қазiргi заманғы халықаралық стандарттарға жауап беретiн тиiмдi жүйесiн заңнамалық тұрғыдан енгiзу арқылы қазақстандық қоғамды ақпараттандырудың одан әрi дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Заң жобасында негiзгi ұғымдардың мәнi ашылып, ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеудiң қағидаттары, мақсаттары мен мiндеттерi айқындалып отыр. 

«Әлемде күнделiктi технологиялар өзгерiп жатады. Осыған байланысты барлық елдер заңнамалық базаларын жаңалайды. Мұны бiзге де жасау қажет. Бiз Корея, Австралия, Сингапур, Канада, Финляндия, Малайзия сияқты елдердiң ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы тәжiрибесiне сүйендiк», - деп баяндады ҚР Инвестициялар және даму министрi Әсет Исекешев. 

Министр атап өткендей, заң жобасында көзделген ашық үкiмет құру арқылы мемлекеттiк органдардың жұмысы халыққа ашық болады, жалпы мемлекетке сенiм артады. Сондай-ақ, ақпараттандырудың сервистiк модельін енгiзудің нәтижесінде бюжеттiк қаражат үнемделмек. 

Ә.Исекешев жеткізгендей, мемлекеттік функциялар мен қызметтерді автоматтандыру мерзімі 3 жылдан 1,5 жылға дейін қысқарады. Бұдан бөлек, мемлекеттiк органдардың интернетпен жұмыс жасау қауiпсiздiгiнiң деңгейi жоғарылайды.

«Абоненттік нөмірлерді ұялы байланыстың бір операторынан екіншісіне тегін ауыстыру ішкі және өзге желіге байланыс бағасын төмендетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр. 

Мұнымен қатар, заң жобасы қабылданғаннан кейiн халықтың сауаттылығын арттыру барлық мемлекеттiк органдардың жауапкершiлiгiне кiретiн болады. Бұл жалпы мемлекеттiк iске айналмақ.

 




Яндекс.Метрика