Инвестициялар

Ә.Жақсыбеков: Астанаға 17 жыл ішінде 100 млрд доллардан астам қаржы инвестицияланды

Елорда құрылғалы бері шамамен 16 млн шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілді және шаһарға 100 млрд доллардан астам қаржы инвестицияланды, деп хабарлады Астана қаласы әкімі Әділбек Жақсыбеков «Astana Invest – 2015» VІ халықаралық инвестициялық форум барысында.
Астана қаласы29 Қазан , 11:25

«Астана өте жоғары жылдамдықпен дамып келеді. Бұл туралы макроэкономикалық көрсеткіштер айтып отыр. Сонымен, 17 жыл ішінде қала тұрғындарының саны шамамен үш есе көбейді, 65 есе жалпы өңірлік өнім артты, 17 есе өнеркәсіптік өндіріс өсті», - деп мәлімдеді әкім.

Оның айтуынша, Астананың еліміздің ЖІӨ-дегі үлесі үш есе артып, инвестиция көлемі 16-есе көбейді. 

«Жалпы елорда құрылғалы бері шамамен 16 млн шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілді. Біздің есептеуімізше шаһарға 100 млрд доллардан астам қаржы инвестицияланды. Менің ойымша бұл инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік және елорданың мүмкіндіктері де зор»,- деп жалғастырды ол.

Ә.Жақсыбеков атап өткендей, Астанада жеке капиталға нарықты еш тәуекелсіз игеруге мүмкіндік беретін ашық және түсінікті механизмдер жасақталып, ұдайы жетілдіріліп келеді. 

«Бүгінде №1 индустриалды паркте 58 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Инвестиция көлемі шамамен 1 млрд долл. Құрады. Ал, жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар 2 млрд доллардан астам қаржының қызметі мен өнімін өндірді», - деп түсіндірді әкім. 

Сонымен қатар ол «Астанада жасалған», «Smart Астана», «Астана EXPO-2017», «Заманауи қалалық көлік» және қалада жүзеге асырылып жатқан өзгеде жобаларға тоқталды.

«Бізде болашаға зор инвестиция үшін тартымды түрлі салалар бар. Жалпы, Астана арқылы Орталық Азияның, сонымен қатар көрші Ресей, Қытай елдерінің  нарағына шығуға болады. Бүгін жалпы сомасы 1,9 млрд доллар болатын 34 меморанлумға қол қойылатын болады», - деп түйді әкім. 

Естеріңізге сала кетейік, Астанада  «Astana Invest» инвестициялық форумы  6-шы рет қатарынан өтуде. Шараның басты міндеті  – шетелдік инвесторларды тарту, өндірістік активтерді дамыту, жаңа жобалардың ашу. Форумға 30 елден 3 мың адам қатысуда.

Индира Кауметова

 

 

 

 




Яндекс.Метрика