Парламент

Сенат Қазақстан мен Монако арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету келісімін ратификациялады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Монако Князьдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заңды қабылдады.
Астана қаласы29 Қазан , 10:56

«Жақында америкааралық конвенциялар арқылы ондаған елмен бірден байланыс орнаттық. Әрине, осындай көп жақты шарттар әлдеқайда тиімді. Соны ескеріп, қазіргі кезде Еуропа кеңесінің, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің құжаттарына қосыламыз деп әрекет етіп жатырмыз. Маңызды деген елдермен, әсіресе, еуропалықтармен екі жақты шарттар жасап жатырмыз. Алғашқы кезде олар бізге үлкен ынта білдірген жоқ. Тек 2012 жылы Елбасы тікелей өзі араласып, Испаниямен үш шартқа қол қойдық. Сөйтіп, Еуропаға терезе аштық», - деп баяндады ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов.

Осыдан кейін, небары үш жылда Италия, Болгария, Чехия, Румыния сияқты барлығы 12 елмен шартқа қол қойылған. Бұдан бөлек, Германия, Словакия, Сербия секілді 10 Еуропа мемлекетімен де осындай құжаттар әзірленіп жатыр.

«Сондай-ақ, Елбасының іс сапарында Бас прокурор Ұлыбританиямен құқықтық көмек жайлы келісімге қол қоймақ. Ал бүгін Монако Князьдігімен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ұсынып отырмыз. Монако Князьдігі шағын, қауіпсіз әрі бай мемлекет. Аумағы 2 шаршы шақырым ғана, бұл ЭКСПО-ға бөлінген жермен шамалас. Соған қарамастан онда 50-ге жуық ірі банк жұмыс істейді», - дейді Ж.Асанов.

Инвестициялық тартымдылығы жоғары болған соң, бұл елде қоныстанып тұрамын деушілер аз емес екен. Сондықтан Қазақстан князьдікке қылмыстық қудалау саласындағы барлық үш шартты ұсынған.

«Қазіргі таңда біреуі бойынша келісімге келдік. Ол бүгінгі ұсынылып отырған құқықтық көмек туралы құжат. Қажет болған жағдайда кейбір тергеу амалдарын біз Монакода жүргізуге мүмкіндік аламыз. Тек бір талап бар – бұл көмек ұлттық заңнамаларға қайшы келмеуі тиіс. Сонымен қатар, екі жақ та көмек көрсетуден бас тартуға құқылы, оның негіздері құжатта айқындалған», - деп нақтылады ҚР Бас прокурорының орынбасары.
 




Дерекнама

Яндекс.Метрика