Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

Қазақстан ғарышкерлерінің саны бойынша тоғыз мемлекеттiң қатарына кiрдi

Қазақстан ғарышкерлерінің саны бойынша тоғыз мемлекеттiң қатарына кiрдi. Бұл жөнiнде ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ИДМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлiмдедi.
Астана қаласы28 Қазан , 16:35

«Әрине, ғарышқа ұшатын мамандарымызды, соның iшiнде, ғарышкер қыздарды дайындау бiздiң жоспарымызда бар. Мұны ешкiм жоққа шығармайды. Ал тек ғарышкерлер санын көбейту үшiн ғана мамандар дайындауға бiзде қаржылық мүмкiндiк жоқ, оның қажеті де шамалы», - деді Т.Мұсабаев.

«Ғарышқа ғарышкердi «тағы бiр қазақ ғарышқа ұшты» деген сөз үшін емес, жұмыс жүргiзу үшiн ұшырады. Ғылыми бағдарлама әзiрленген уақытта соған орай бiз халықаралық ғарыш станциясына ұшатын ғарышкерлердi дайындайтын боламыз. Болашақта планетааралық ұшулар үшiн де маман дайындайтын болармыз, кiм бiлсiн. Бiз ғарышқа ұшу космонавтикасын қажеттiлiкке сәйкес дамыта береміз», - деп түйiндедi Аэроғарыш комитетінің төрағасы.

Т.Мұсабаев ешқашан ғарыш саласы болмаған мемлекеттiң бүгiнде озат тоғыздыққа енуі мақтануға тұрарлық жайт екенiн айтты. 

«Бiздiң Айдын Айымбетов ғарышқа ұшқаннан кейiн Қазақстан үш және одан да көп ғарышкерi бар тоғыз мемлекеттiң қатарына кiрдi. Бұл өте сирек кездесетiн мамандық. Адам баласы ғарышты бағындырған елу бес жылдың iшiнде ғарыш кеңiстiгiнде тек 500-ге тарта ғана адам болып келдi», - деді ол.

«Әрине, ғарышқа ұшу iсiмен барлық жағынан дамыған мемлекеттер ғана айналысады. Бұл Ресей, АҚШ, Қытай секiлдi мемлекеттер. Ғарышқа дайындықпен айналысатын басқа мемлекет жоқ. Бiрақ, бiз шетте қалғымыз келмей, осы бағытта барынша белсендi жұмыстар атқарып келемiз. Мiне, нәтижесiн өздерiңiз көрiп тұрсыздар», - дедi ол. 

Индира Кауметова




Яндекс.Метрика