Энергетика

Талдықорғанда жылу-электр орталығы салынады

Алматы облысының әкімдігі мен «Global Generation» ЖШС инвестициялық жобаларға қатысты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алматы 29 Қазан, 08:37

Меморандум аясында Талдықорған қаласында қуаттылығы 440ГКал/сағ. болатын жылу-электр орталығын салу бойынша атқарылатын шаралар қамтылған.

Бұл бастама Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» тапсырмасында электрмен қамту мәселесіне қатысты айтқан міндеттерімен үйлесіп жатыр. ЖЭО салу туралы бұдан біршама бұрын айтылғанымен, тіпті салынатын орны да белгіленіп қойылғанымен, бастаусыз тұрған еді. Амандық Баталовтың Алматы қаласында ірі бизнесмендермен өткізген кездесуінен кейін осы жылу-электр орталығының құрылысына инвестиция құйып, орталық жұмысын жүргізуге құлшыныс білдірген кәсіпкерлер де табылды. Бүгінгі меморандум – соның нәтижесі.

Талдықорғанның өзінің жеке электр энергия көзі жоқ болғандықтан, электр энергиясы өңірден тыс жерлерден сатып алынып отыр. Бұл орайда жаңа ЖЭО құрылысы талдықорғандықтар үшін аса тиімді болмақ.

Өз сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов ЖЭО құрылысының облыс үшін берер мүмкіншіліктері өте зор екенін атап өтіп:

«Біз өз тарапымыздан жобаның теника-экономикалық негіздемесін жасауға қаржы бөлу, жер учаскесін қарастыру мәселелерін, техникалық жағдайларды шешеміз. Жобаның тиімділі сол, біріншіден облысқа инвестиция тартылады, екіншіден ЖЭО кәсіпорын ретінде жұмыс істейді, электрмен қамтуда сыртқа тәуелділікті азайтады және электр энергиясы тарифінің төмендеуіне де ықпал ете алады. Сондықтан бұл бастаманы ризашылықпен қолдаймыз», - деді.

Акционерлер өкілі Рустам Баялиевтің айтуынша, ЖЭО-ның құрылысы төрт жыл жүргізіледі деп жоспарланған. Жоба шығынын 12 жылда ақтап шығады. Жылу-электр орталығында технологияның әлемдегі ең озық үлгілері қолданылады. Бұл экологиялық және тиімділігі жағынан қолайлы болуына мүмкіндік береді.        

Атап өтсек, осы «Global Generation» ЖШС компаниясы аталған ірі жобамен қатар, облыстағы бірқатар өзендерде шағын СЭС-тар салу ісін қолға алуда.





Яндекс.Метрика