Инновациялар

Ғарыштан алынған мәлiметтер термоядролық энергетика мен плазмалық медицина саласында қолданылады – А.Айымбетов

Ғарыштан алынған мәлiметтер термоядролық энергетика және плазмалық медицина саласында қолданылады. Бұл жөнiнде ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов мәлiмдедi.
Астана қаласы28 Қазан , 15:48

«Ғарышқа ұшу 10 тәулiкке, дәлірек айтсам, 9 тәулiк 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылды. Ғарышта бiрқатар сынақтар жасалып, ғарыш кемесiнiң жүйесiн басқару жұмыстары жүргiзiлдi. Алынған мәлiметтер термоядролық энергетика және плазмалық медицина саласында, жаңа конструкциялық және нанокомпозиттiк материалдарды шығаруда пайдаланылуы мүмкiн», - деді ол.

Оның айтуынша,  бұл  үлкен жетiстiк . Ғарыш биомедицинасы және ғарыш биотехнологиясы маңызды жұмыстардың бiрi болып табылады.

«Осы бағыттардың аясында адам физиологиясы институтының ғалымдары ғарышқа ұшу кезiнде ғарышкердiң операторлық жұмыс қабiлетiн, оның күйзелiс жағдайларындағы психологиялық-физиологиялық жай-күйiн және олардың ғарышкердiң жұмысына әсерiн зерттедi. Ғарыштағы зерттеулерден алынған нәтижелер ағзаның экстремалдық жағдайларға төзiмдiлiгiн бағалауға және ғарышкердi дайындау деңгейiн жетiлдiру бойынша ұсыныстар әзiрлеуге мүмкiндiк бередi», - дедi ғарышкер. 

А.Айымбетовтың айтуынша, бағдарлама ғарыш, экология, қоршаған ортаны қорғау, медицина, биотехнология, телекоммуникация салаларында қолданылатын болады. Сонымен қатар, олар ең алдымен Қазақстанның ғарыш техникасы және технологиясы бойынша мамандар шығаратын жоғарғы оқу орындары үшiн де қызықты болмақ.

Бағдарлама нәтижелері мынадай салаларда қолданылатын болады: ғарыш саласы; экология, қоршаған ортаны қорғау; медицина, биотехнологиялар; телекоммуникациялық сала. Бұдан басқа, олар ең алдымен Қазақстан Республикасының ғарыш саласы ұйымдарында, елдің мүдделі орталық мемлекеттік органдарында, сондай-ақ республиканың «Ғарыш техникасы және технологиялары» мамандығы бойынша мамандарды даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарында сұранысқа ие болады.

Индира Кауметова




Дерекнама

Яндекс.Метрика