Халықаралық интеграция

Қазақстандық делегация Азия-Тынық мұхиты аймағының сот жүйесі саммитіне қатысты

Гонконг қаласында алғаш рет Азия-Тынық мұхиты аймағының сот жүйесі бойынша саммит өтуде. Іс-шараға Қайрат Мәми бастаған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының делегациясы қатысуда, деп хабарлады ведомство.
Әлемде28 Қазан , 18:36

Аталған сапар соттардың жұмысы, соның ішінде қаржылық соттардың жұмысы бойынша халықаралық озық тәжірибені зерделеу мақсатындағы іссапарлардың жалғасы болып табылады. Биылғы наурыз айында осы мақсатта қазақстандық судьялар БАӘ мен Сингапурға іссапармен барған болатын.

Саммит Гонконг Халықаралық қаржы орталығы тарапынан ұйымдастырылған. Оған АҚШ, Англия, Швейцария, Франция, Қытай, Корей және басқа да елдердің сот жүйесінің өкілдері қатысуда.

Судьялардан құралған делегация шетелдік арбитраждық шешімдерді тану және орындалуын іске асыру туралы БҰҰ конвенциясын қолдану жөніндегі дөңгелек үстелге, Халықаралық арбитраж жөніндегі конференцияға, сондай-ақ Халықаралық арбитраждағы ұлттық соттардың рөлі туралы саммитке қатысты.

Алғашқы күні дөңгелек үстел барысында Нью-Йорк конвенциясын қолдану, арбитраждық шешімдерді орындау және ЮНСИТРАЛ-дың типтік заңын енгізу (БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы) мәселелері талқыланды.

Конференцияда арбитраждық қауымдастықтың мүшелері халықаралық арбитраждың аса маңызды мәселелері мен соңғы жетістіктерін талқылады.

Саммитке қатысушылар Астана қаласында Халықаралық қаржы орталығының, соттың және арбитраждың құрылатындығы туралы хабардар болды.  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC) «жалпы құқық» нормалары (ағылшын-саксондық жүйе) қолданылатын дербес әкімшілік-құқықтық реттеу негізінде жұмыс істейтін болады. Оның жұмысына шетелдік судьялар, арбитрлар және заң саласының мамандары тартылады.

Сонымен қатар, сапар барысында Қ. Мәми Гонконг Әділет министрі Римски Юэн мырзамен, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің жоғары сот органдарының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер шеңберінде «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының аясында Қазақстанның сот жүйесінде жүргізіліп отырған реформалардың негізгі тәсілдері таныстырылды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қазақстанда дауларды шешудің баламалы тәсілдері туралы әңгімелей келе, «Қазақстанда азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша медиация белсенді және табысты енгізілуде. Сот медиациясы институты да мақұлданған. Дауларды шешудің баламалы тәсілдері біздердің тарапымыздан дауларды шешудің тиімді құралы ретінде қарастырылуда. Осы ретте, Гонконг соттарының бітімгершілік рәсімдерді қолдану тәжірибесі Қазақстан үшін қызығушылық тудырып отыр», - деп атап өтті.

Кездесулердің соңында тараптар ақпарат алмасу және озық кәсіби тәжірибені бөлісу үшін қолайлы жағдай жасауға мүдделілік танытты.

 

 

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика