Инфрақұрылымның дамуы

Өскеменде салынып жатқан толық циклды автозауыттың құрылысына 4,1 млрд теңге бағытталады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов кезекті рет «АЗИЯ АВТО» ЖШС-нің құрылыс алаңында болып, тиісті мемлекеттік органдармен және мердігер ұйымдардың басшыларымен болашақ зауыттың инфрақұрылымын салу мәселелерін ұйымдастыру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Шығыс Қазақстан28 Қазан , 15:34

Осыған дейін айтылғандай, отандық автокөлік шығаруды қолдау мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша автозауыттың инженерлік инфрақұрылымы салынатын болады. Электрқуатымен, жылумен, сумен қамту, кәріз жүйесі және кіре беріс жолын салу үшін республикалық бюджеттен 4,1 млрд. теңге қарастырылған. Нысан құрылысы 2016 жылдың екінші жарты жылдығында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бүгін кеңес барысында мердігер ұйымдардың өкілдері өткен екі аптада атқарылған жұмыстар турасында есеп берді.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жұмыс кестесі жасалған болатын. Даниал Кенжетайұлы өткізіліп жатқан жұмыстар бойынша, әрбір мердігер ұйымға ескертулер жасады.

Жылумен, сумен қамту және кәріз жүйелерін салумен айналысатын «СК Алматы Құрылыс» ЖШС-не құрылысшылардың, жабдықтар мен арнайы техника санын көбейту ұсынылды.

Ал, электрқуатымен қамту жүйесін жүргізуге «Қазэлектромонтаж-С» АҚ жауапты. Бүгінде кәсіпорын Өскемен және Кентау қалаларына трансформаторларға тапсырыс берген.  Облыс әкімі жабдықтың барлық түрлерін жеткізу кестесін көрсетуді сұрады.

Кіре беріс жолдарын салумен «ЭнергоРемСервис-Алматы» ЖШС айналысатын болады. Аталмыш кәсіпорын тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп, жұмыс күші мен техниканы жұмылдыруда. Ал, негізгі жұмыс ертең басталады.

Аймақ басшысы құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын өзі жеке бақылауды жалғастыра отырып, апта сайын құрылыс алаңына келіп тұратынын басып айтты.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика