Парламент

Мәжіліс бірінші оқылымда бағалы металдар мен асыл тастар туралы заң жобасын мақұлдады

Бүгін Мәжілісте палата депутаттары «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Астана қаласы28 Қазан , 11:38

Заң жобасының мақсаты бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру және олардың айналымы, бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды мемлекеттік реттеу және бақылау болып табылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда зергерлік өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасалып, осы бағытта туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеудің бірыңғай заңнамалық негізі қалыптасады. 

«Ұлттық банкі бағалы металдар активтерін толықтыру үшін, бағалы металдар өндірісі субъектілерімен және қайта өңдеу нәтижесінде меншік иелері болған тұлғалармен аффинирленген алтынды сатып алу жөнінде мәмілелер жасасуға мемлекеттің басым құқығы белгіленеді. Сонымен қатар құжатта Қазақстанның аумағында өндірілген және өткізілетін бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау, оларды таңбалау міндеті қарастырылады. Ондай атаулы таңбалар уәкілетті ұйымда тіркелуге міндетті болады», - деді ИДМ басшысы Ә.Исекешев.

Сонымен қатар заң жобасында Үкіметтің, Ұлттық банктің, бағалы металдар мен асыл тастар айналымы саласындағы уәкілетті органның құзыретін айқындап, осы саладағы заңнаманы бұзғандарға жауаптылық белгіленеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біріншіден, Қазақстанның алтыны толығымен еліміздің аумағына өңделуі тиіс. Екіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясында осы саладағы қатынастарды ұлттық заңнамамен реттеу қажеттігі туындап отыр. Өйткені бұндай заңнамалар Ресей мен Беларусь елдерінде бар, яғни аталған елдер алтынды тек өз елдерінде ғана өңдейді», - деді министр Әсет Исекешев. 

Сондай-ақ, мәжілісмендер бірінші оқылымда «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Анар Тәңірқұлова




Яндекс.Метрика