Мәдениетті жаңғырту

Қазақстан өңірлерінен жиналған 300-ге жуық вокалист «Жас ұлан» армиялық әндер фестиваліне қатысады (ФОТО)

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде жыл сайынғы «Жас ұлан» армиялық әндер фестивалі жалғасуда, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Казахстан 28 Қазан, 09:31

Бұл жолы байқау әділқазылары жалпы 298  вокалисті тыңдайды, олардың ішінде ҚР ҚК барлық түрлері мен әскер тектерінің әскери қызметшілері, әскери оқу орындарының курсанттары мен тәрбиеленушілері, сондай-ақ жалпы білім беру мектептерінің дарынды оқушылары, студенттер, Қазақстанның барлық 14 облысының, Астана мен Алматы қалаларының әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері.  Фестивальға қатысушылар үш аталым бойынша өнер көрсетеді.

Атап айтқанда, орындаушы-вокалистер, фольклорлық орындаушылар, вокалды-аспаптық ансамбльдер мен орындаушылар.  Бүгінгі күні тәрбиеленушілер, оқушылар мен студенттер тыңдалды, қазір іріктеу кезеңінен әскери қызметшілер өтуде. Фестивальдің шарты бойынша барлық қатысушыларды бірқатар критерий бойынша бағалады.

Ол: әскери тақырыптағы шығарманы, қазақстандық сазгерлердің немесе орындаушылардың туындысын, жеке (авторлық) музыкалық шығармаларды, фольклорлық жанрдағы туындыны орындау. Іріктеу кезеңін тыңдауды аяқтап, әділқазылар алқасы үздік орындаушыларды анықтайды. Алайда, қатысушылардың өздері нәтижелерді 29 қазанда өтетін гала-концертте ғана білетін болады.  Бұл күні «Жас ұлан» қатысушыларының концерті және жеңімпаздарды марапаттау өтеді. 

 Үздік орындаушыларға дипломдар мен фестивальдің бағалы сыйлықтары табыс етіледі, барлық қатысушылар жұбаныш сыйлықтарға ие болады. «Жас ұлан» армиялық әндер фестивалі 1997 жылдан бастап шақырылуға дейінгі, шақырылым және армиялық жастарды, ҚР ҚК келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін, қызметкерлерін және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша жұмысты жандандыру, көркемөнерпаздық армиялық орындаушылар мен ұжымдардың шығармашылық өсуіне қолдау көрсету үшін өткізіліп тұрады.  Фестиваль қазақстандық армияның әскерлерінде ыстық ықылас пен ілтипатқа бөленіп, танымал болды.  

 





Яндекс.Метрика