Парламент

Сенатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және білім беру мәселелері бойынша заң жобалары қаралды

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылымкомитетінің кеңейтілген отырысында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы27 Қазан , 18:31

Заң жобасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің бірнеше кезеңмен өтуін көздейді. Құжатпен медициналық көмекке құқықтар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау ұйымын таңдау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының сақталуын қамтамасыз ету айқындалады.

Сондай-ақ, заң жобасымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылардың, аударымдар мен жарналарды төлеушілердің, медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың, осы жүйеде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілерінің құқықтары мен міндеттері айқындалған.

Міндетті төлемдерді шоғырландыру мен медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанындағы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын құру көзделген. Қордың құрылтайшысы мен жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады. Сонымен қатар заң жобасымен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар төлеуден халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына жататын азаматтардың 15 санаты, оның ішінде балалар, көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектері, мүгедектер босатылады.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың денсаулық үшін ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті, жеке медицинаны басымдықпен дамыту және медициналық ұйымдардың арасындағы бәсекелестікті арттыру есебінен көтеруге жағдай жасайды.

Комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасымен Азаматтық Салық, Бюджет кодекстеріне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне, басқа да бірқатар заңдарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі көзделеді.

Атап айтқанда, заң жобасымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық техниканы сатып алу көзделеді.

Заң жобасымен 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған адамдарға оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мамандығы бойынша міндетті жұмыспен өтеу нормасы енгізіледі. Әскери және арнаулы оқу орындарын қоспағанда, халықаралық аккредиттеуден өткен жағдайда ғана, 2017 жылғы 1 қаңтардан – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, ал 2020 жылғы 1 қаңтардан – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдардың мемлекеттік үлгідегі құжаттар беруіне рұқсат беру жолымен біртіндеп аттестаттаудан аккредиттеуге өту ұсынылады.

Оқытудың сапасын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында қабылдауға, даярлауға, және педагогтардың жұмысына қойылатын талаптар қатайтылады. Білім беру деңгейлері бойынша оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің және оқу құралдарының сараптамасын жүргізу ұйымдары жөніндегі қызметке мемлекеттік монополия енгізіледі.
 




Яндекс.Метрика