Білім беру

Ақтөбе облысында күрделі жөндеуден кейін екі балабақша пайдалануға берілді

Хромтау қаласындағы отыз жылдан бері жаңармаған «Гүлдер» және «Айгөлек» деп аталатын екі балабақша қайта күрделі жөндеуден өтіп, балдырғандарға есігін ашты. Аталған нысандардың құрылыс жұмыстарына «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинаты қаржылай қолдау көрсеткен, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.
Ақтөбе27 Қазан , 20:06

«Гүлдер» балабақшасы 300 балаға есептелген. Қазіргі таңда осынша бала тәрбиеленіп жатыр. Ғимараттың іші жаңарған соң балалардың еркін демалып, ойнауына өте қолайлы. Орыс және қазақ тілдерінде тәрбие беретін мекемеде 12 топ бар. Ал 71 миллион теңгеге жөнделген «Айгөлек» балабақшасында 175 бала тәрибеленеді.

«Бұрын-соңды жөндеу көрмеген ғимаратта балаларды тәрбиелеу қиындау болатын. Себебі есік, терезесі ескі бөлмелер қанша жаңаласаң да еңсені басып тұратын. Ал қайта күрделі жөндеуден өткеннен кейін, балабақша ішіне ерекше леп кірді. Жарық әрі кең бөлмелерде балдырғандар асыр салып ойнайды», — дейді «Айгөлек» балабақшасы меңгерушісінің орынбасары Қазына Суюмова. Жаңа нысанның ашылуына келген ата-аналар да қуаныштарын жасырмады.

Жалпы аудан бойынша 16 балабақша бар. Оның сегізі Хромтау қаласында орналасқан. Бала санының жылдан-жылға көбеюіне байланысты аудан әкімдігі қаланың №22 шағын ауданынан жаңа балабақша салуды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда құрылыстың жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Сонымен қатар, аудан басшылығы тоқсаныншы жылдардың тоқырауында басқа мақсатқа пайдаланылып кеткен балабақша ғимараттарын мемлекет қорына қайтару үшін де жұмыстанып жатыр.




Яндекс.Метрика