Өңірлер

Хромтауда көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Хромтау ауданында «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында салынған 24 пәтерлі жаңа үй пайдалануға берілді, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.
Ақтөбе28 Қазан , 08:37

Екі жақты әлеуметтік-экономикалық келісімнің аясында тұрғын үй құрылысына Еуразиялық топ (ERG) құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинаты қаржылай қолдау көрсеткен.

Кеншілердің көмегімен және қазына қаражатының ұсынақты жұмсалуы нәтижесінде құрылысы тез аяқталған үйдің кілті пәтер иелеріне салтанатты түрде табысталды.

«Елбасы саясатының арқасында елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі — тұрғын үй бағдарламасы. Қазіргі таңда «Өңірлерді дамыту» және моноқалаларды дамыту бағыты аясында биыл 24 пәтерлі жаңа үй салынса, алдағы уақытта 20 пәтерлі тағы бір үй іске қосылады. Осылайша аудан орталығындағы баспана мәселесі біртіндеп шешіледі», — деді  аудан әкімі Аязбай Османғалиев жиналғандарды қоныс тойымен құттықтады.

Ал Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Марал Бекеев жаңа пәтердің кілтіне ие болғалы тұрған азаматтарды қуаныштарымен құттықтап, отбастарына амандық, еңбекте табысты болуларына тілектестігін білдірді. Бұдан соң аудан басшысы мен кәсіпорын директоры тұрғындарға пәтер кілтін табыстап, жаңа үйдің лентасын қиды. Жиналған жұртшылық шашу шашып, бір-бірін жаңа қонысымен құттықтады.

Аудан орталығына «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы арқылы келген жас маман Аяжан Жұмашева да бір бөлмелі пәтерге ие болды. Жас маман жоғары оқу орнын бітірген соң бірден Хромтау аудандық ауруханасына жалпы тәжірибедегі дәрігер болып жұмысқа орналасады. Келгеніне көп уақыт бола қоймаса да пәтер алғанына разы. Құттықтап келгендерге бір бөлмелі баспанасын көрсетіп, қуанышымен бөлісті.

Жалпы облыстағы жалғыз моноқала мәртебесіне ие Хромтауда соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй салып, оны баспанаға мұқтаж жандарға беру жақсы дәстүрге айналған. Осы жолы да жаңа пәтерлер әртүрлі әлеуметтік санат бойынша кезекте тұрған азаматтарға берілді. Үйдің инженерлік құрылысына 73 миллион теңге жұмсалған, негізінен бір және екі бөлмелі пәтерлерден тұрады.




Дерекнама

Яндекс.Метрика