Халықаралық интеграция

«Нұр Отан» партиясының басшылығы Қытай Коммунистік партиясының делегациясымен кездесті

Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы әлемдегі жетекші саяси ұйымдармен өзара ынтымақтастық байланыстарды нығайтуы қажет деген болатын.
Астана қаласы27 Қазан , 17:39

Елбасының осы тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың қыркүйек айында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов бастаған делегация Қытай Халық Республикасында ресми сапармен болып, Қытай коммунистік партиясымен  өзара әріптестікті одан әрі жетілдіру жөніндегі хаттамаға қол қойды. Жасалған келісімдер нәтижесінде ҚКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебі мен «Нұр Отан» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебі арасында өзара әріптестік жөніндегі құжат қабылданды.

Қос елдің билік партиялары қабылдаған бұл құжаттар өзара ынтымақтастық қатынастарды нығайту, тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау мәселелерін қамтиды. Ортақ келісімге сай 27 қазанда Қытай Коммунистік партиясының делегациясы Астанаға ресми сапармен келіп, «Нұр Отан» партиясы басшылығымен кездесті.

Екі жақты кездесу барысында 20 жылдан астам мерзімде Қазақстан мен Қытай арасында шынайы достық қатынастар мен өзара саяси диалог орнықтырылғандығы, оған қоса екі елдің билеуші партиялары арасындағы әріптестік қатынастар да жылдан-жылға нығайып келе жатқандығы айтылды.

Еліміздің жалпы тауар айналым көлеміндегі үлесі 20%-ға жетіп, сыртқы сауда айналымы бойынша ең ірі серіктесімізге айналған Қытайдың бүгінде Қазақстанның сыртқы саяси саласындағы маңызы да едәуір өскен. Қос тарап жүзеге асырып жатқан Ұлы Жібек Жолын жаңғырту жобасы экономикалық даму, нарықтық интеграция және оңтайлы іскер ортаны қалыптастырумен қатар, Азия елдерінің мәдени және рухани байланысын нығайтуға да бағытталған. Бұл салада іске асырылып отырған шаралар Қазақстан мен Қытайдың өзара байланысының жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін айғақтайды.

Айта кетерлігі, екі партия арасында жасалған келісімдер аясында биыл «Нұр Отан» партиясының бірқатар мүшелері ҚКП жанындағы Жоғары партия мектебінде тәжірибе алмасу курстарынан өтті. Енді Қытай тарапынан келген әріптестер «Нұр Отан» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебінде дәріс алып, партиялық қызметтегі тәжірибелерімен бөліседі.

«ҚКП-нің көп жылғы тәжірибесі біз үшін маңызды. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебі мен ҚКП ОҚ Орталық партия мектебі арасындағы әріптестіктің де маңыздылығын атап өткім келеді», - деді А.Мырзахметов.

Сонымен қатар, сол күні «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында Қытай Коммунистік партиясы делегациясының қатысуымен «Бір белдеу, бір жол» Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы әріптестік» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Шараға партия Хатшысы Ф.Қуанғанов, партияның Орталық аппараты мен Қоғамдық саясат институтының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты.

«Қазіргі таңда біз қарым-қатынастың институцианалды деңгейіне өттік. Қос партия арасындағы басшылықтың кездесулері жоғарғы деңгейде өтіп, әріптестік жөнінде бірқатар құжаттарға қол қойылды. Біз партиялық және мемлекет деңгейіндегі осы қарым-қатынастардың одан әрі дамып, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының арасындағы халықтар достастығы күшейе беруіне тілектеспіз», - деді ҚКП ОК жанындағы Орталық партия мектебінің вице-президенті Сю Вэйсинь.

Жалпы, Қытай Коммунистік партиясы Орталық партия мектебі делегациясының Қазақстанға сапары қазанның 31-не дейін жалғасады. Сапар барысында сондай-ақ Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет істері жөніндегі Агенттік басшыларымен кездесу, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебінде «Саяси коммуникациялар» атты екі күндік тренинг өтеді деп жоспарланған.




Дерекнама

Яндекс.Метрика