Парламент

Сенатта жемқорлыққа қарсы күрес заң жобасы талқыланды

Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы27 Қазан , 13:49

Заң жобасының басты мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру арқылы, қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады.

Сонымен бірге құжаттағы нормалар мемлекеттік аппарат пен өзге де салаларда сыбайлас жемқорлықтың көрінуінен туындайтын қатерлерден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамада белгіленген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі формальды және тәртіптік сипатта болғандықтан, әрі материалдық игіліктер алуды көздемейтіндіктен, заң жобасымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың жаңа көріністері енгізіліп отыр.

Бұдан бөлек, құжат арқылы мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру, сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіру жөніндегі өкілеттіктер берілген уәкілетті орган айқындалады. «Сыбайлас жемқорлық», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат», «сыбайлас жемқорлыққа тәуекел» ұғымдары ашылады.

Сонымен бірге заң жобасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен талдау шаралары қамтылмақ. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерімен жүргізілетін болады. Ондай мониторинг нәтижелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу үшін негіз болып табылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды барлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері де жүзеге асыратыны болжанған.

Айта кетерлігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау шараларының қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық баяндама дайындалып, ол Мемлекет басшысының қарауына енгізілетін болады. Ұлттық баяндама әлемдік және ұлттық деңгейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жай-күйін талдайды және оның даму үдерісін қамтитын маңызды стратегиялық құжатқа айналады.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика