Инновациялық Қазақстан - 2020 мемлекеттік бағдарламасы

Мобильдік үкімет арқылы қазақстандықтарға миллион қызмет көрсетілді

«Мобильдік үкімет» жобасы іске қосылған сәтінен бастап қазақстандықтар eGov мобильдік қосымшасы мен SMS арқылы миллионнан астам мемлекеттік қызметті алып үлгерді, деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ.
Казахстан27 Қазан , 15:34

«Пайдаланушылар өздерінің мобильдік құрылғылары арқылы көбінесе техникалық байқаудан өту мерзімі туралы ақпаратты, мекенжай анықтамаларын, зейнетақы аударымдары туралы ақпаратты алады, ұялы байланыс қызметтерін төлейді және балабақшаға кезек нөмірін тексереді» - деп ҚР ИДМ Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитетінің қызметтерді автоматтандыру басқармасының бастығы Әсет Уаисов атап өтті.

Сонымен қатар, eGov қосымшасы арқылы Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіндегі депозит шоттарына 10 млн. теңгеден астам, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін – 4,3 миллионнан астам, ұялы байланыс үшін – 1,3 миллионнан астам теңге төленді.

Қыркүйек айынан бастап қазақстандықтар мобильдік электрондық цифрлық қолтаңба жазылған SIM-карталарды сатып ала алады. Оларды ХҚКО мен Altel бөлімшелерінен алуға болады. Әзірше олар Астана мен Алматы қалаларында бар, жақын арада бұл мүмкіндік Қазақстанның қалған аймақтарында және барлық ұялы байланыс операторларында болады.

Мобильдік қолтаңбаның артықшылықтарының бірі - оның көмегімен кейбір мемлекеттік қызметтерді интернет қосылмаған және қосымшалар орнатуға келмейтін, ең қарапайым ұялы телефондар арқылы алуға болады.

Естеріңізге салсақ, бүгінгі күні Қазақстан азаматтарына мобильдік форматта 50-ден астам қызмет пен сервис қолжетімді, ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 20 мобильдік қызметтің іске қосылуы жоспарланған.

eGov қосымшасы iOS және Аndroid платформаларында қолжетімді, қосымшаны жүктеу саны 180 мыңнан асты.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика