Халықаралық интеграция

Дүниежүзілік банк Еуропа мен Орталық Азиядағы экономиканы әртараптандыру сәттi өтіп жатқанын атады

Дүниежүзілік банк Еуропа мен Орталық Азиядағы экономиканы әртараптандыру сәттi өтіп жатқанын атады. Бұл жөнiнде ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында Дүниежүзiлiк банктiң Еуропа және Орталық Азия Аймақтық басқармасының бас экономисi Ханс Тиммер мәлім етті.
Астана қаласы26 Қазан , 16:54

«Күннен-күнге әлсiреп бара жатқан дүниежүзiлiк экономика және халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздығы жағдайында Еуропа және Орталық Азия елдерi бiртiндеп жаңа экономикалық нормаға көшуде. Өңiрдiң шығыс бөлiгiндегi мұнайды экспорттаушы мемлекеттер шикiзаттың төмен бағасына бейiмделiп, айтарлықтай қиындықтарға тап болуда. Мұндай бейiмделу жергiлiктi валютаның нақты бағамының күр құлдырауына, iшкi нарықтағы құрылыс және қызмет көрсету саласындағы жұмыс орындарының қысқаруына, активтердiң құнсыздануына, активтердiң бiрқатары долларда болатын қаржылық сектордың әлсiреуiне алып келедi. Көршiлес елдерде осыған ұқсас жағдай байқалады. Себебi, олардың сауда айналымдары мұнай экспорттаушыларына тәуелдi», - дедi экономист-маман. 

Сонымен қатар, Дүниежүзiлiк банк өкiлi өз баяндамасында атап өткендей, мұндай өзгерiстер Еуропа және Орталық Азияның шығыс елдерiнде саудаланатын секторлар үшiн жаңа мүмкiндiктер ашуы әбден мүмкiн. 

«Бүгiнде экономиканы әртараптандыру мұнай бағаларының серпiлiсi кезiндегi жылдарға қарағанда әлдеқайда сәттi болуы мүмкiн. Бұл мұнаймен байланысты емес тауарлар өндiрiлетiн саудаланатын секторларда жаңа жұмыс орындарын құруға, жаңа нарықтарға экспорт сұранысының туындауына жағдай жасайды», - дедi Х.Тиммер. 

Ботагөз Айтжанова




Яндекс.Метрика