Халықаралық интеграция

Қ.Тоқаев: БҰҰ – бұл бірегей, баламасы жоқ ұйым

БҰҰ – бұл бірегей, баламасы жоқ ұйым. Бұл туралы бүгін Астанада Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де өтіп жатқан «БҰҰ және ЮНЕСКО: Жасампаздықтың 70 жылдығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
Астана қаласы26 Қазан , 17:26

БҰҰ-ның арқасында Қазақстан егеменді ел мәртебесіне ие болды, бүкіл дүниежүзінде мойындалды. Сондықтан, бүгінгі отырыстың тақырыбы өте орынды және өзекті деп санаймын. 

Кезінде белгілі британдық дипломат Уркварт «БҰҰ – ХХ ғасырдағы адамзат баласының ең үздік өнертабысы болып табылады» деп айтқан еді. Мен бұл сөзбен толық келісемін.     БҰҰ – бұл бірегей, баламасы жоқ ұйым.   

Біріккен Ұлттар Ұйымы қалай құрылды, Ұйым Жарғысының мәтіні бойынша қандай таластар мен келіссөздер болды, Кеңес одағы, Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің құрамы және оның қағидаттары жөніндегі шешімді қалай қабылдады, тұтастай алғанда, ұйымның атауы қалай пайда болды – міне, осының барлығы өз алдына бөлек айтылатын қызықты дәрістің тақырыбы.   

Ал, бүгін мен осы жаһандық ұйымның қазіргі әлемдегі орнына тоқталып өтсем.

Біріккен Ұлттар Ұйымы қазіргі заманның ең өзекті мәселелері бойынша келіссөздер мен пікірталастар жүргізіп, салмақты тұжырымдар ұсынудың әмбебап және теңдессіз алаңы ретінде   бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты сақтау ісіне айрықша үлес қосты. 

Мемлекеттердің даму деңгейін  теңестіру Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі міндеті болмаса да, кедейшілік жайлаған, қанды соғыстар мен қақтығыстар жүріп жатқан халі мүшкіл елдер әлемдік ұйымның саяси, экономикалық, техникалық және гуманитарлық көмегіне сенім арта алады. Көптеген дамушы мемлекеттер осындай көмекке мұқтаж.

Ұлыбританияның Халықаралық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес жер шарының ең кедей бөлігі қақтығыстар орын алған мемлекеттерде тұрады. Дүниежүзілік банкінің мәліметтері бойынша кіріс деңгейі төмен, жағдайы тұрақсыз немесе дау-жанжалдарды басынан өткеріп жатқан бірде-бір мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының 2000 жылы адамзаттың стратегиялық міндеті ретінде жариялаған «Мыңжылдық дамудың ешбір мақсатына қол жеткізе алмаған».    

Біріккен Ұлттар Ұйымы барша адамзатқа ортақ өзекті мәселелермен айналысады, Ұйымның Жарғысы негізінде оны шешу жолдарын ұсынады. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының бірегейлігі.    

Халықаралық құқыққа арқау болған Ұйымның Жарғысында дүниежүзілік ұйымның басты мақсаттары көрсетіледі. Олар - халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, басқыншылық әрекеттерін жою, халықаралық жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, халықтардың өзара теңдігі мен өзін өзі билеу қағидаттарын құрметтеу негізінде ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту, кең ауқымды халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру, адам құқықтарын және оның негізгі еркіндіктерін қорғау.     




Дерекнама

Яндекс.Метрика