Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Италия Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын бірлесіп қоюды жоспарлауда – МСМ

Қазақстан мен Италия Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын бірлесіп қоюды жоспарлауда, деді ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Астана қаласы26 Қазан , 13:04

«Мәдениет және спорт министрлігі мен Италияның Мұрағат комитеті арасындағы бекітілген келісімге сәйкес, екі ел арасында бұрын-соңды болмаған игі бастамалар қошға алынуда. Соның бір парасы көне жазбаларға байланысты. Мысалы, біз жуырда ғана елімізге Дешті Қыпшақ кезеңінде жазылған «Кодекс куманикус» шығармасының түпнұсқаға жақын түрі Италия мұрағатында жатқанын біліп, оның электронды нұсқасын Қазақстанға алып келдік. Енді соның негізінде арнайы кітап етіп басып шығаруды ойластырып отырмыз. 2016 жылы біз Брусиловскийдің  «Қыз Жібек»  операсын бірлесіп қоюды жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Министр сонымен қатар, Италия мен Қазақстан арасында көне замандарға тиесілі құнды деректердің елге жеткізіліп, қазақ тілінде басып шығару ісінде бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты. 

«Өздеріңіз білесіздер, 2015-2016 жыл аралығында Қазақстанда Италия мәдениетінің жылдары өтуде. Біз осы шара аясында көптеген тың жаңашылдықтарға қол жеткізіп, терең қарым-қатынастар арқылы мол тәжірибе алмастық. Көне қолжазбалар дерегін алып, эстрада мен опера жанрларында бірлесе маман даярлау істерін бірлесе жүзеге асырудамыз. Міне, осыған қарап Италия – Қазақстанның ең жақын мәдени серіктесі деп айтуға толық мүмкіндік бар», - деді министр.

Анар Тәңірқұлова

 

 




Яндекс.Метрика