Адамзаттық капитал

700-ден аса адам ҚР Қарулы Күштерінің қайырымдылық жүгіруінің қатысушылары атанды

Астанада «Әскери әулет» байқауы шеңберінде ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде алғашқы қайырымдылық жүгіру өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Казахстан 26 Қазан, 10:17

Жүгіруге 700-ден аса адам, яғни, әскери қызметшілер, олардың отбасы мүшелері, Қазақстан ҚК генералитетінің өкілдері генерал-лейтенанттар Мұрат Майкеев, Олег Бижанов, Бақытжан Ертаев, генерал-майорлар Талғат Мұхтаров, Мұхамеджан Таласов, қоғам қайраткерлері, эстрада әртістері және осы қайырымдылық жүгіруге титтей де болсын мейірімділік қосқысы келген елорданың белсенді тұрғындары шықты.

«Бұл ай Қарулы Күштерде қайырымдылық айы болып табылады. 1 қазаннан бастап «Қарттарым – қазынам!» атты адамгершілік-патриоттық акциясы басталды. Бұл акция 1 желтоқсанға дейін жалғасын таппақ. ҚР ҚК әскери қызметшілері ұдайы негізде қарттарға көмек көрсету және көңіл бөлу үшін қарттар үйін қамқорлықтарына алды. Акция Астанада бастау алды, одан кейін Қазақстанның барлық өңірлерінде өтті», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров.

Бұл қайырымдылық жүгіру Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу және «Отан қорғаушылар» монументі алдында өткенімен айрықшаланды. Бұл Ұлы Отан соғысында жеңімпаздардың және Отанымыздың қазіргі ұрпағының әскери дәстүрлерінің сабақтастығын білдіреді. Одан басқа, бүгін тағы да бір атаулы күн қазақ халқының ұлы қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова 90 жасқа толар еді.

Әскери қызметшілер осы қайырымдылық жүгіру арқылы өздерінің ұлтжандылықтарын танытуда. Олар жауынгерлік әзірліктерін ғана емес, сонымен бірге кез келген сәтте осынау қайырымдылық іс-шараға қатысуға әркез дайын екендіктерін көрсетті. Бұның өзі әскеріміздің, әскери қызметшілеріміздің ұлтжандылығының тағы бір дәлелі болып табылады.  Өздерінің үлгі-өнегесімен әскери қызметшілер жастарға осындай қайырымдылық шаралардың пайдасы мен бір-біріне деген көмектерін көрсетеді», - деді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

Қайырымдылық жүгіру «Әскери әулет» тұңғыш республикалық байқауы аясында өткенін айта кетейік.

«Әскери қызмет пен отбасылық құндылықтарды дәріптеу үшін Қорғаныс министрлігімен ұрпақтан ұрпаққа әскери іспен айналысып жүрген отбасылар туралы сыр шерткен «Әскери әулет» республикалық байқауы ұйымдастырылған болатын. Қазақстандықтар Қарулы Күштерде қызмет өткерген, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысқан әкелеріміздің, аналарымыздың, аталарымыз бен әжелеріміздің даңқты әскери дәстүрін жалғастыра отырып, қазіргі уақытта қазақстандық армияда қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің отбасыларының тарихы туралы біле алды», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров.  

Отанға қызмет етуге 100-ден аса жылын сарп еткен ең үздік әскери әулет Апешевтердің отбасы атанды. Екінші орынды Мұхаметқалиевтердің әулеті алса, үшінші орынды Танько отбасы місе тұтты. Олардың барлығы дипломдар, байқау кубоктары мен мен отбасы ошағының нышаны болып келетін тайқазандарға ие болды. Әскерилердің жүгіруін шығармашылық отбасы Жүгінісовтер әулеті де қолдады.

Жас орындаушылар ағайынды Мирас мен Мұхаметқали қайырымдылық іс-шара туралы әлеуметтік желілерден білген болатын. «Біз шараға қатысқымыз келді және ата-аналарымыз бізді қолдады. Бұл өте жақсы қайырымдылық акциясы, біз оған сәл де болса үлесімізді қосқымыз келді. Әскери қызметшілер біз үшін ұлтжанжыдылық үлгісі болып табылады және біз олармен бірге бір сапта жүгіргенімізге қуаныштымыз», - деді ағайындылар. Қайырымдылық жүгіру «Отан қорғаушылар» алаңында өтті. Оның аясында арнайы жәшіктер орнатылды. Ол жәшікке барлық ниет білдірушілер үлестерін қосып, балалардың ем-дом алуына қаржылай көмектесті. Барлық жиналған қаржы «Қайырымдылық» қоғамдық қоры мен «Балаларға өмір сыйла» тұрақты қорға беріледі.

 

 





Яндекс.Метрика