Халықаралық интеграция

Қ.Тоқаев Қазақстан Коста-Рикамен ынтымақтастық жасауға мүдделі екенін айтты

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Коста-Рика Республикасының сыртқы істер министрі Мануэль Гонсалес Сансты қабылдады, деп хабарлады Сенат.
Астана қаласы24 Қазан , 12:31

Сенат Төрағасы Коста-Рика сыртқы саясат мекемесі басшысының Астанаға алғашқы сапарына қолдау білдірді және Латын Америкасындағы осы елмен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға Қазақстанның мүдделі екенін жеткізді. Қ.Тоқаев Қазақстан Парламентінің қызметі, сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық рефорамсын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету үдерістері туралы айтты.

 Жоғарғы палатаның басшысы екі ел арасында парламентаралық байланыстар орнатуға қолдау білдірді және Коста-Рика Заң шығару Ассамблеясының Төрағасын Астанаға сапармен келуге шақыруын жеткізді.

Коста-Рика дипломатиясының басшысы Президент Н.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құру, әскери шығыстарды жаһандық тұрғыда қысқарту, халықаралық құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету және көптарапты ынтымақтастық тетіктерін нығайту саласындағы бастамалары Коста-Рика басшылығы жүргізіп келе жатқан сыртқы саясат басымдықтарымен үндес екенін атап өтті.

Осыған байланысты 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болуына Қазақстан кандидатурасына өз мемлекетінің қолдау білдіру туралы шешімін хабарлады. Кездесу барысында жүздесушілер екі елдің сауда-экономика, инвестиция және туризм саласындағы ынтымақтастығының келешегі туралы пікір алмасты. Мейманның пікірінше, жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы Коста-Риканың тәжірибесі Қазақстан үшін назар аударуға тұрарлық. Бұл елдің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 92 пайызға дейін жеткізілді. Осыған орай, Коста-Рика халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға ықыласты.

 




Яндекс.Метрика