Адамзаттық капитал

СҚО-да әлеуметтік қызметкерлер марапатталды

Қалалық мәдениет үйiнде әлеуметтiк қорғау саласы қызметкерлерi күнiне арналған салтанатты жиын өттi. Мерекелiк iс-шараға Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi Ерiк Сұлтанов қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Солтүстік Қазақстан24 Қазан , 15:37

Мейiрбан мамандық иелерiн құттықтаған өңiр басшысы әлеуметтiк қорғау саласы қызметкерлерi еңбегiнiң маңыздылығын атап өттi.

«Облыста бұл салада екi мыңнан аса адам қызмет етiп келедi. Қарттар мен мүгедектерге , тұрмысы төмен отбасылар мен науқастарға қол ұшын берiп, қолдап жүрген бұл қызметкерлердiң еңбегi ерекше. Жауапкершiлiгi мен қиындығы мол қызметтерiңiзге сәттiлiк, барлығыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тiлеймiн! Кәсiби мерекелерiңiз құтты болсын!», — дедi Ерiк Хамзаұлы құттықтауында.

Ұзақ жылғы адал еңбектерi, халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiн дамытуға қосқан елеулi үлестерi үшiн облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасымен 8 азамат, Алғыс хаттармен 7 қызметкер марапатталды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң Құрмет грамотасы 7 қызметкерге табысталды.

«Әлеуметтiк еңбек саласының үздiгi» төс белгiсiмен Петропавлдық балалар психоневрологиялық үй-интернатының палаталық санитар қызметкерi марапатталды.

Салтанатты iс-шара облысымыздың шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттiк бағдарламаға ұласты.

Бүгiнде Солтүстiк Қазақстан облысында 111 мыңнан астам адам мемлекеттiк қолдаумен қамтылған. Өңiрiмiздiң әлеуметтiк саласында 2 мыңнан астам адам қызмет етедi.

 




Яндекс.Метрика