Инвестициялар

ЕҚДБ Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық жобаларына қолдау көрсетуде

Шығыс Қазақстан облысы Еуропалық қайта құру және даму банкімен тығыз байланыс орнатуда. Биылғы жылы аймақтың әлеуметтік саласы мен коммуналдық инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 5 инвестициялық жобаны іске асыру жұмысы жанданды, деп хабарлады ШҚО ақпараттық орталығы.
Шығыс Қазақстан23 Қазан , 17:08

Жобалардың жалпы құны 20 млрд. теңгені құрайды. Оларды жүзеге асыру шеңберінде Өскемен және Семей қалаларының коммуналдық инфрақұрылымы, әлеуметтік саласы жақсара түспек.

Аталмыш қалалардағы сумен қамту және су тарту жүйелері жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі бар. Бұл үшін Өскемен қаласына 3,2 млрд. теңге, ал Семей қаласына 2,4 млрд. теңге қаражат қажет. Сондай-ақ, Семей қаласының жылумен қамту жүйесін жаңартуға бағытталған жоба ЕҚДБ директорлар кеңесінің қолдауына ие болды.

«Біз ЕҚДБ өкілдерімен күнделікті байланыстамыз деуге болады. Жобаларды техникалық-экономикалық жағынан зерттейтін арнайы сарапшылар да бар. Ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында келісімге отыруды жоспарлап отырмыз», - деді «ШҚО өңірлік мемлекеттік-жеке-меншік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Сондай-ақ, Өскемен және Семей қалаларындағы көше шамдарын электр қуатын үнемдейтін шамдарға ауыстыруға бағытталған жобаларды сарапшы мамандар тексереді деп күтілуде.

Айта кетсек, аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасына орай аудандардың әкімдіктерімен Еуропалық Қайта құру және Даму Банкімен бірлесіп іске асыру үшін жалпы құны 146,4 млрд. теңгені құрайтын 123 жоба ұсынылған.  

 




Яндекс.Метрика