Халықаралық интеграция

Г.Әбдіқалықова ЕҚЫҰ-ны ҚР Президентінің БҰҰ мінберінен айтқан бастамаларын қолдауға шақырды

Хельсинки қорытынды актісі мен Астанадағы саммиттің мерейтойына арналған «ЕҚЫҰ жетістіктері мен сын-қатерлері» халықаралық конференциясында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында ұсынған бастамаларын қолдауға шақырды.
Астана қаласы23 Қазан , 11:49

 «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Шығыс пен Батыс арасындағы байланыс көпірі бола отыра, дағдарыстық жағдайлардың алдын алу бойынша тарихи миссиясын сәтті жүзеге асырып отыр. Бүгінгі саяси жағдай қауіпсіздік жүйесін нығайтуды талап етеді, ол қазіргі сын-қатерлерге жауап беруі тиіс. Бұл үшін жалпы еуропалық қауіпсіздік жүйесін жетілдірген жөн. Қазіргі уақыттағы ЕҚЫҰ-ның әлемдегі қақтығыстармен күрес саласындағы әлеуеті бірегей және нәтижелі бола алатынын атап өту керек», - деп атап өтті сөз басында Г.Әбдіқалықова. 

Мемлекеттік хатшының сөзінше, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның халықаралық қарым-қатынастағы сенімді қалпына келтіруге, халықаралық құқық негізіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларын қолдайды. 

«Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, 1-2 желтоқсанда Астанада ұйымның саммитін өткізді. Бұл қазіргі Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға болды. Астанадағы саммит әлем елдері арасындағы сенімді қалыптастыру жолдарын зерттеп-зерделеуді көздеген еді», - деді ол. 

«БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, алдағы 30 жылда әлемдік өркениет соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға өз бойынан даналық пен күш табады. ХХІ ғасырда адамзаттың басты міндеті әлемді соғыс қаупінен біржола арылтатын стратегияны жүзеге асыру болу қажет. Бұл үшін Мемлекет басшысы 2045 жылға дейінгі жаһандық стратегиялық бастама жоспарын әзірлеуді ұсынды», - деді Мемлекеттік хатшы. 

Бұдан бөлек, Г.Әбдіқалықова алға тартқандай, Қазақстан бүгінгі таңда Еуразия өңіріндегі қақтығысып жатқан тараптарды татуластыруға күш салып жатыр. 

«Президент алға тартқан «Жаңа болашақ» тұжырымдамасы – бұл ядролық, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі, сенім, өзара түсіністік және реформалар. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, ЕҚЫҰ-ны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясының мінберінен айтқан бастамаларын қолдауға шақырамын», - деді Мемлекеттік хатшы. 

 




Яндекс.Метрика