Өңірлер

Семейде 200 орындық спорт интернатының құрылысы басталды

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасына сәйкес Семей қаласында спортта дарынды балаларға арналған 200 орындық спорт интернаты салынуда. Аталмыш интернатта облысымыздың барлық қалалары мен аудандарындағы спортқа жақын оқушылары білім алады, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Шығыс Қазақстан23 Қазан , 18:46

Бюджеттік емес қаражат есебінен интернаттың жобалық-сметалық құжаты дайындалып, құрылыс жұмыстары басталған. Ғимарат Семей қаласының № 1 спорт мектебінің жанында орналасатын болады. Қазіргі күні құрылыс жұмыстарының нөлдік циклы аяқталуға жақын қалды. Болашақ чемпиондарды дайындау үшін жағдай жасауға «Фирма «Азия» ЖШС басшысы, облыстық маслихаттың депутаты Әсемхан Доскужанов тілеулестік білдірді.  

Жалпы ауданы 4700 шаршы метрді құрайтын ғимарат 200 орынға арналған. Қабаттарда демалу, сабақ оқу, ыдыс сақтау, тұрмыстық бөлмелері, санитарлық торап және жуынатын бөлмелері қарастырылған.

Сондай-ақ, жоба бойынша жаттығу залы, 100 орындық асхана, медициналық кабинет ойластырылған.

Спорт интернатына 7-ші сыныптан жоғары облыстық және республикалық олимпиадалардың чемпиондары мен жүлдегерлері қабылданады. Тәрбиеленушілерді іріктеу жаттығу жиынының қорытындысы бойынша жүргізілмек. Бұл жерде спортсмендерді олимпиадалық спорт түрлері бойынша дайындайды.

Ал, тәрбиеленушілер интернатта тұрып қана қоймай, олар спорттық формамен және жабдықтармен, оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп, оларға тегін тамақтану және жарыстарға барғандағы іссапар шығындары төленетін болады.

Нысан 2016 жылдың тамыз айында пайдаланылуға беріледі деп жоспарлануда.

 

 




Яндекс.Метрика