Халықаралық интеграция

ҚР Мемлекеттік хатшысы жалпыеуропалық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты (ФОТО)

«Хельсинки Қорытынды Актісінің (1975) және Астана Саммитінің (2010) мерейтойына ЕҚЫҰ жетістіктері мен сын-қатерлері» атты халықаралық конференция өтті.
Астана қаласы 23 Қазан, 10:48

Конференция жұмысына ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ  зиялылар Тобының мүшесі Қасым-Жомарт Тоқаев, Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Сербия Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты Өкілі Вук Жугич, Қақтығыстардың алдын алу бойынша ЕҚЫҰ Орталығының директоры Марсел Пешко, АҚШ Мемлекеттік департаментінің әскери-саяси мәселелері бойынша Бюросының аға Кеңесшісі Пол Фритч, қауіпсіздік саласындағы қазақстандық және халықаралық жетекші сарапшылар қатысты. 

Конференцияда ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық және өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері,  өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің ауқымды күн тәртібін бірлесіп қалыптастырудың келешегі талқыланды.

Өзінің кіріспе сөзінде Г.Н.Әбдіқалықова конференцияға қатысушаларды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясы барысында көтерген бастамаларына қолдау көрсетуге шақырды.

Гүлшара Әбдіқалықова жалпыеуропалық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру қажеттігін жеткізді, яғни, 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды Актісіне қатысушы мемлекеттер келіскендей «халықтар тек шынайы әрі берік бейбітшілікте ғана өмір сүре алады».

Мемлекеттік хатшы ядролық қарусыз аймақты әлемнің өзге өңірлерінде құрудың маңыздылығын айтып,  Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымы бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш ел екенін атап көрсетті.

Сөзінің соңында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова конференцияның қазіргі заманғы әлемдік ахуалдың архитектурасын одан әрі нығайтуға және дамуына нақты үлес қосатынына сенім білдірді.    

 





Яндекс.Метрика