Инфрақұрылымның дамуы

Темір жол вокзалдарын ҚТЖ балансына өткізу аяқталуға жақын - ИДМ

Республикадағы темір жол вокзалдарын жергілікті атқарушы органдардың қарауынан «Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның балансына өткізу жұмысы аяқталуға жақын. Бұл туралы бүгін жолаушы тасымалдау сапасын және теміржол вокзалдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелері талқыланған кеңесте ҚР ИДМ Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев айтты.
Астана қаласы22 Қазан , 18:13

«Жолаушылар тасымалының бірыңғай технологиялық үдерісін қамтамасыз ету мақсатында барлық темір жол вокзалдары дерлік «Вокзал сервис» АҚ-ның балансына өткізілді. Бар болғаны қазіргі уақытта 3-4 вокзал ғана қалды», - деп хабарлады Ә.Асаубаев. 

Сондай-ақ, комитет төрағасының атап өтуінше, 2014 жылдың бірінші қаңтарынан вокзалдарда жолаушыларға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсетудің ұлттық стандарты күшіне еніп, негізгі талаптар айқындалды. 

«Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы уақытта 91 возкалда күрделі және 5 вокзалда ағымдағы жөндеу жүргізілді. Биылғы жылы жоспар бойынша Қостанай вокзалы жөндеуден өтеді. Астана қаласындағы жаңа вокзалдың құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл қолданыстағы вокзалдың жұмысын жеңілдетіп, ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде жолаушылар тасымалын қамтамасыз етеді», - деп толықтырды ол. 

Ә.Асаубаевтың сөзінше, жыл сайын темір жол вокзалдарының жағдайы зерттеледі. Биылғы жылы республика бойынша 31 вокзал тексерілген. 

«Өкінішке қарай, кейбір вокзалдарда кемшіліктер бар. Атап айтқанда, бірқатар вокзалдарда мүгедектерге пандустар, кассаларға қатысты тиісті талаптар қарастырылмаған», - дейді көлік комитетінің төрағасы.

 

 




Яндекс.Метрика