Парламент

Сенатта бюджет заңнамасын жетілдіруге бағытталған заң жобасы қабылданды

Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Астана қаласы22 Қазан , 13:34

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған Заң енді Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады. Парламент қабылдаған заң бюджетті жоспарлау сапасын жоғарылатуды қамтып, бюджет жобасын ұсынудың форматын өзгертетін болады.

Құжатқа сәйкес, министрлер мен облыс, Астана және Алматы қалаларының әкімдері үшін түйінді индикаторларды бекіту қарастырылады. Стратегиялық жоспарлар мен бюджеттік бағдарламалардың жаңа форматын енгізу, бюджеттің орындалуы туралы есепті ұсыну форматын өзгерту көзделеді.

Оған қоса,  мемлекеттік органдардың дербестігін кеңейту және жауапкершілігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдарға шағын бағдарламаларды қоспағанда, бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың жылдық көлемін өзгертпестен дербес қайта бөлу құқығы беріледі.

«Бұндай құқықты беруге байланысты бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізілмегені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және бюджеттік бағдарламалар басшыларының тәртіптік жауапкершілігі енгізіледі», - дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев. 

Сонымен қатар заң арқылы Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру, оны қалыптастырудың және пайдаланудың жылдық есебінің сапасын көтеруге бағытталған шаралар да қамтылып отыр.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика