Парламент

Сенат оңалту және банкроттық жөніндегі заң жобасын қабылдады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Астана қаласы22 Қазан , 13:14

«Заң жобасындағы жаңалықтарға сәйкес, төлем қабілетсіздік белгілері пайда болған жағдайда борышкер өзін банкрот деп танымай, төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдануға құқылы болмақ. Бұндай рәсімді қолданған сәттен бастап, барлық берешек түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын есептеу тоқтатылады және кредиторларға борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа өтініш беруге тыйым салынады. Бұдан бөлек, борышкерге барлық кредиторлармен берешекті өтеу тәртібі бойынша келісім жасасуға екі ай беріледі, бұндай келісім сотпен бекітіледі», - дейді министр.

Министр атап өткендей,  егер берешекті өтеу тәртібі бойынша кредиторлармен келісімге келмесе немесе сот келісімді бекітуден бас тартса, борышкер бір жыл ішінде рәсімді қайта қолдана алмайды, ал кредиторлар үшін борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге құқық туындайды.

Заң жобасындағы өзгерістердің бір парасы  банкрот деп танылған борышкердің бизнесін сақтап қалудың баламалы тетіктерін құруды қарастырады.

«Бұл ретте біріншіден, банкроттық рәсімінен оңалтуға көшу көзделіп отыр. Екіншіден, банкроттықтың кез келген сатысында бітімгершілік келісім жасасу құқығы беріледі. Бітімгершілік келісім барлық кредиторлар келіскен жағдайда жасалады. Механизмнің міндетті шарты  бітімгершілік келісім жасалғанға дейін еңбекақы бойынша берешекті толық көлемде өтеу болып табылады», - деді министр.

Ол айтқандай, үшіншіден, банкрот-компанияны сату және меншік иесін ауыстыру. Бұл ретте банкроттық рәсіміндегі бизнес субъектісін сақтап қалу мақсатында,  кәсіпорынды тұтас, қарыздарымен қоса сату ұсынылады.

Тұтастай алғанда, жоғарыда аталған өзгерістерді жүзеге асыру, рәсімдердің тетіктерін оңайлату және мерзімдерін қысқарту арқылы экономикадағы төлем қабілетсіздігінің проблемаларын дер кезінде шешуге оң әсерін тигізеді. Бұның нәтижесінде, бизнесті, жұмыс орындары мен салық салу базасын барынша сақтап қалуға мүмкіндік беріледі.

Анар Тәңірқұлова




Яндекс.Метрика