Инвестициялар

Сингапурлық компания Ақтөбеде «Мамыт» көмір кен орнына инвестиция құюды жоспарлап отыр

Ақтөбеде «Мамыт» көмір кен орнын игеруде сингапурлық компаниямен ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.
Ақтөбе22 Қазан , 14:47

Алдын ала келісімге Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, жобаның негізін қалаушы, «Ақтөбетермококс» ЖШС-ның директоры Асем Махметбай және инвестор - Сингапурдың «Azura International» компаниясының президенті Кюю Накамура қол қойды.

Қарғалы ауданы «Мамыт» кен орнындағы көмір шамамен 598 миллион тоннадан асады.

Кен өндіру құқығы «Ақтөбетермококс» ЖШС-ға тиесілі. Ол «Актөбе» ӘКК» ұлттық компаниясының стратегиялық серіктесі болып табылады.

Жоба бойынша жылына 3 000 000 тоннаға дейін брикеттелген көмір өндіруге және қайта өңдеуге мүмкіндік беретін зауыт салу көзделген.

Алдын ала инвестиция көлемі 40 000 000 АҚШ долларынан асады. Келесі легі - 15 000 000 доллар болмақ.

Құрылыс кезінде 250 жұмыс орны, ал зауыт іске қосылғаннан соң тұрақты 150 жұмыс орны ашылады. Жобаны жүзеге асырудың болжамды мерзімі - 2016-2018 жылдар аралығы.

«Біз сіздердің қаржылық әлеуеттеріңіз туралы нақтылау алған сәттен бастап барынша көмек көрсететін боламыз», - деді кездесуді түйіндей келе өңір басшысы Бердібек Сапарбаев. 

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика