Қазақ хандығына 550 жыл

Астанада жастардың XI ұлттық дельфи ойындары басталады (ФОТО)

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында жастардың XI ұлттық дельфи ойындары өтуде. Шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған.
Астана қаласы 21 Қазан, 16:32

Дельфи ойындары – заман талаптары қажет ететін өнер саласындағы жас мамандардың жыл сайынғы жарысы. Жарыс өнер түрлерінің барлығын - бейнелеу, орындаушылық, қолданбалы өнер, шешендік өнерін, т.б. өнер түрлерін қамтиды. Оған республиканың барлық аймақтарынан кез келген өнерпаз қатыса алады.

«Қатысушылардың құрамы халықаралық стандарттарға сай, әрбір номинация бойынша талап күшті. Байқау жеңімпаздары 2016 жылы халықаралық сайысқа қатысады. Осы жылы қатысушалыр 20 номинация бойынша бақтарын сынайды», - деді «BAQ ORDA» Media Group директоры Мәди Манатбек.

Қатысушылар ұлттық жанрлар, классикалық және заманауи өнер түрлеріне сәйкес 20 номинация бойынша сыналады. Номинациялар құрамына академиялық, эстрадалық және халықтық орындау, мәнерлеп оқу, қолөнер өнері, тележурналистика, ди-джей, фотография мен қысқаметражды фильм бар. Мәди Манатбек айтып өткендей, осы жылы "битбокс" пен "веб-дизайн" секілді екі жаңа номинация қосылған.

Байқауға қатысушылардың еңбегін жоғарыбілікті қазы алқасы бағалайды. Оның төрағасы Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева.

«Дельфи ойындары Қазақстанда өзіндік орнын тапты. Бұл біздің елде сайысқа қатысып, өз өнерін көрсету үшін тағы бір мүмкіндік», - деді А.Мұсақожаева.

Қатысушыларды өзінің жарқын туындыларымен қолдауға «Ұлытау» тобы, «Славянский базар-2015» халықралық байқауының жеңімпазы Димаш Құдайберген, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Елшібаева мен Дельфи ойындарының жеңімпаздары келді.





Дерекнама

Яндекс.Метрика