Халықаралық интеграция

СҚО әкімдігі мен Беларусь елшілігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Солтүстiк Қазақстан облысына Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Анатолий Ничкасов және кеңесшiсi, Беларусь Республикасының Қазақстан елшiлiгiндегi сауда-экономикалық қызметiнiң басшысы Геннадий Клыга келдi, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Солтүстік Қазақстан22 Қазан , 08:54

Кездесудi ашқан СҚО әкiмi Ерiк Сұлтанов делегация мүшелерiне өңiрдiң экономикалық дамуы және беларусьтық компаниялармен өзара ынтымақтастығы туралы айтып бердi.

«Солтүстiк Қазақстан облысы — елiмiздiң аграрлы өңiрлерiнiң бiрi. Алайда бiзде машина жасау саласы қарқынды дамып келедi, бiз темiржол және мұнай-газ салаларына қажет жабдықтарды шығарамыз. Бизнестi дамыту үшiн өңiрiмiзде зор мүмкiндiктер бар»,-дедi Ерiк Хамзаұлы.

Өз кезегiнде Анатолий Ничкасов сапарының негiзгi мақсаты ынтымақтастық туралы ұсыныс екенiн атап өттi.

«Бiз облыстың экономикасын зерттеп, бiрнеше сала бойынша ынтымақтастық ұсыныстарын әзiрледiк. Оның iшiнде машина жасау саласы да бар, себебi Беларусьте бұл сала жақсы дамыған және бюджеттi толықтырудың негiзгi көзi болып отыр,-дедi Анатолий Иванович.

Сондай-ақ, кездесуде темiржол жабдықтарының өндiрiсi, электр оқшауландыру материалдары, ауыл шаруашылығы техникасы, мұнай-газ жабдықтарын шығару, ет және сүт өңдеу салалары бойынша ынтымақтастық жайында ұсыныстар айтылды.

Кездесу соңында Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшiлiгi және Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгi арасында өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойылды.

2015 жылдың қаңтар-тамыз айларында Солтүстiк Қазақстан облысы мен Беларусь мемлекетiнiң тауар айналымы 6,2 млн АҚШ долларын құрап отыр. Бiздiң ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiмiз соңғы 7-8 жыл аясында Беларусь Республикасының машина жасау кәсiпорындарымен тығыз қатынаста қызмет етедi.

2014 жылдың қараша айында Солтүстiк Қазақстан облысының делегациясы экономикалық өкiлдiк аясында сауда-экономикалық және өнеркәсiптiк ынтымақтастық қатынас құру үшiн Минск қаласына барды.




Яндекс.Метрика