Парламент

Мәжіліс «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» заң жобасын мақұлдады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата депутаттары «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заң жобасын мақұлдады.
Астана қаласы21 Қазан , 13:04

«Конституциялық заң жобасының мақсаты озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, орталық қатысушыларының қызметі үшін қолайлы әрі тартымды жағдайларды қамтамасыз ететін «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру болып табылады», - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов. 

Заң жобасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының нақты белгіленген шекарасы шегінде ерекше құқықтық режим құруды көздейді. Орталықтың аумағында және оның қатысушыларына тек АХҚО туралы заңның және оның органдары актілерінің нормалары ғана қолданылады деп жоспарланған. Орталық органдарының актілері Англия және Уэльс құқығының қағидаттары мен нормаларына және әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына, бірінші кезекте Дубай халықаралық қаржы орталығының нормативтік құжаттарына негізделеді. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында АХҚО басқару жөніндегі кеңес, орталық қатысушыларының қызметін бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган, яғни Ұлттық банктің ведомствосы – АХҚО қатысушыларының қызметін реттеу жөніндегі комитет, орталық әкімшілігі, соты жұмыс істейтін болады. 

Ұлттық банк төрағасы атап өткендей, аталмыш заң жобасы «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының құқықтық мәртебесін тәуелсіз және Қазақстанның сот жүйесіне кірмейтін сот ретінде айқындап отыр.

Индира Кауметова




Яндекс.Метрика