Өңірлер

Алматы әкімдігі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша 20 млрд теңгенің меморандумына қол қойды

Алматы әкімдігі «АТФ Банк» АҚ, «Baur Kazakhstan» АҚ және «Общество бизнесменов Казахстана и Турции (КАТИАД)» ҚҰ-мен 20 млрд. теңге көлемінде ынтымақтастық жөніндегі бірқатар меморандумдарға қол қойды, деп хабарлады қала әкімдігі.
Алматы қаласы21 Қазан , 19:14

Қол қойылған келісімдер аясында спорт клубтары, балалар алаңдары, мектеп жасына дейінгі мекемелер салынып, әлеуметтік деңгейі төмен жандарға көмек көрсетіледі деп жоспарланған.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуында бизнестің маңызды рөлін атап өтіп, әлеуметтік мәні бар нысандарды салудағы олардың белсенді позициясына ризашылық білдірді.

«Мен сіздерге түрлі әлеуметтік нысандар салу жөніндегі біздің өтінімге дер кезінде үн қосқандарыңызға алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні біздің бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары екендігін көрсетуде, бұл әрине, мақтануға тұрарлық жайт. Бұл жерде әлеуметтік көмекке зәру жандар мен ардагерлер ұйымдарына қолдау көрсету мақсатында үлкен шараларды өткізу туралы әңгіме болып отыр», - деді мегаполис басшысы.

Мысалы, «АТФ Банк» АҚ мен жасалған келісім барысында кіші және орта бизнес кәсіпорындарын, тұрғын үй және коммерциялық құрылысты, кәсіпорындардың қуаттылығын арттыруды қаржыландыру үшін жалпы сомасы 19,5 млрд. теңге бөлінеді. Екеуара келісімде әлеуметтік қолдауға зәру жандарға көмек көрсету үшін 112,2 млн. теңге бөлінетіндігі де көрсетілген. Бұлардан өзге қаланың бір ауданында жалпы құны 10 млн. теңге болатын балалардың спорт алаңы да салынады.

«Baur Kazakhstan» АҚ мен жасалған меморандум аясында қаланың Медеу ауданында 120 орынды бала бақша салынып, кейін ол қаланың коммуналдық меншігіне өтеді, бұл жобаның жалпы құны 392,6 млн. теңге.

«Общество бизнесменов Казахстана и Турции (КАТИАД)» ҚҰ мен арадағы келісім аясында қаланың бір ауданында қайырымдылық және әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асатын болады. Сондай-ақ аула ішіндегі балалар алаңдары жөнделеді, бұл үшін 21 млн. теңге бөлінеді. Осы келісім аясында түрік бизнесмендерін Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібі зауыттарын салуға тарту қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, бұрындары Алматы әкімдігі «Казкоммерцбанк» АҚ, «Астана Банк» АҚ және «Автогаз Трэйд» ЖШС меморандумдарға қол қойған болатын.

 

 




Яндекс.Метрика