EXPO-2017

Варшавада «ЭКСПО-2017» көрмесінің жобасы таныстырылды

2013 ж. 28-29 қазанда Польшаға жасаған сапарының аясында ЭКСПО Комиссары, ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев Қазақ-поляк ынтымақтастығы мен даму кеңесінің ІІІ отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Әлемде30 Қазан , 17:53

«Р.Жоршыбаев Астанадағы жаһандық көрме жобасы бойынша арнайы презентация жасап, поляк компанияларын оған белсенді атсалысуға шақырды», - делінген хабарламада.

ҚР Варшавадағы Елшілігінің бастамасымен құрылған Кеңес екі жақтан ынтымақтастықты дамытуға мүдделі кәсіпкерлер мен саясаткерлерді біріктіреді.

«Осындай іс-шараларды өткізу екі ел арасында өзара тиімді іскерлік байланыстардың кеңеюіне қолайлы жағдай туғызып, іскерлік ынтымақтастығымыздың келешекке бағытталған «жол картасын» әзірлеуге жол ашатынына сенімдімін» - деді Кеңес отырысының ашылуына қатысқан Р. Жошыбаев.

Іс-шараға қатысушылар екі жақтың мемлекеттік органдары мен іскерлік қауымдастықтарының қатысуымен серіктестік байланыстарды нығайту жолдары бойынша пікір алмасты. Осы орайда ерекше назар өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жобаларына бөлінді, ал 2014 ж. Қазақстан-Польша Өңірлер форумын ұйымдастыру оған ерекше үлкен демеу бола алады деген пікірлер айтылды.

Поляк инвестицияларын тартуға жағдай жасау мақсатында Кеңес жұмысына қатысқан Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары поляк әріптестерін және бизнес өкілдерін өз өңірлерінің экономикалық әлеуетімен таныстырды.

«Іскерлік қауымдастықтарымыздың бірлескен жұмысы Қазақстан мен Польша арасында өзара тиімді инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықтың кеңеюі мен әріптестік платформасының қалыптасуының негізін қалайды», - деді осы орайда ҚР Варшавадағы Елшісі Ерік Өтембаев.

ЭКСПО тақырыбы, сондай-ақ, Р. Жошыбаевтың Польша Республикасының спорт және туризм министрі Иоанна Мухамен (Joanna Mucha) болған кездесу барысында да талқыланды.

Сонымен қатар, Польша астанасында Р. Жошыбаев Варшава қаласының Кризистік басқару орталығының жұмысымен танысты және аталған сипаттағы құрылымдардың ЭКСПО сияқты үлкен іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ерекше өзекті екендігін атап өтті.

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика