Инфрақұрылымды дамыту

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев ҚР-ның көлік инфрақұрылымының жүзеге асуымен танысты

Бүгін, 30 қазан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласы30 Қазан , 17:52

«Кездесу барысында А.Жұмағалиев Мемлекет басшысына Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру барысы, сондай-ақ көлік инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның әзірленуі туралы баяндады», - деп хабарламада нақтыланған.

Нұрсұлтан Назарбаев жалпы, еліміздің дамуы мен азаматтарымыз үшін қажетті барлық көлік инфрақұрылымдарын жетілдіру мақсатында бағдарламаны әзірлеу кезінде кешенді көзқарастардың қажеттігіне назар аударды.

А.Жұмағалиев жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының жай-күйі мен оларға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлары, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің құрылыс барысы, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Батыс және Орталық – Шығыс бағыттары бойынша автожолдарды дамыту жайында әңгімелеп берді.

Әзірленіп жатқан бағдарламаға сәйкес, 2020 жылға дейін 30 мың шақырым автожолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, 260 сервис нысанын, қалаларда 10 автовокзал, аудан орталықтарында 50 автостанса және ауылдарда жолаушыларға қызмет көрсететін 216 қосын салу, сондай-ақ барлық теміржол вокзалдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, әуежайларды қайта жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы көлік логистикасының тиімділігін одан әрі арттыру және көлік инфрақұрылымдарын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды, сондай-ақ қаралған өзге де мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

 

 

 




Яндекс.Метрика