Ұлттың денсаулығы

Қазақстанның медициналық ұйымдары халықты қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстарының екінші кезеңіне дайын

Қазақстанның медициналық ұйымдары халықты қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстарының екінші кезеңіне дайын.Бұл туралы бүгін ҚР ДСӘДМ-де «Қазақстан Республикасындағы қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясын қайта бастау туралы» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Астана қаласы30 Қыркүйек , 17:04

Сөз басында Алекскей Цой Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағымсыз жағдайдың орын алуы жалғасып келе жатқанын айтып өтті. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша қызылшамен аурудың 2307 жағдайы тіркелді, оның ішінде 696-сы балалар.

 «Қызылшамен ауыру 10 есеге, балалар арасында 6 есеге үлғайды. Сонымен қатар, аурудың басым бөлігі тұрғындары қызылшаға қарсы вакцинациялаумен аз қамтылған аймақтарда тіркелген. Бұл Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы. Сол себепті, сонымен қатар ДДСҰ-ның ұсынымы бойынша ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстарын қайта бастауды қолға алу шешімі қабылданды», - деп атап өтті ол.

Халықты қажетті деңгейде вакцинациялаумен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қазақстан Республикасындағы қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясын өткізуге арналған әлеуметтік жұмылдыру мен ақпараттық жұмыстар жоспарын бекіткен болатын.

 «Қызылшаға қарсы қосымша иммундау шараларын үйлестіру мақсатында әрбір аймақта облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдері орынбасарларының басқаруымен штабтар құрылды.  Вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайлары мұқият тексерілді. Кампанияға дайындықты тексеру үшін ҚР ДСӘДМ және Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті аймақтарға барып, мамандар қосымша иммундауға дайындық бойынша кеңестік және практикалық көмек көрсетті», - деп мәлімдеді Вице-министр.  

Бұдан бұрын хабарланғандай, қыркүйек айында Алексей Цой Көкшетау, Орал, Павлодар, Тараз, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы медициналық ұйымдардың вакцинациялауға дайындығын тексерген болатын. 

15 пен 19 жас аралығындағы 313 мың 348 жасөспірім қызылшаға қарсы қосымша иммундауға жатады. Кампанияны өткізу үшін құрамында 3567 дәрігер, 3611 мейірбике, 7134 тіркеушілері бар 3567 екпе бригадалары ұйымдастырылды. Қызылшаға қарсы вакцинациялауға қатысатын медициналық қызметкерлер атестаттациялаудан өткізілді.

Барлық аймақтарда жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен вакцинациялаудың қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Әрбір егілуші адам алдағы егу туралы хабардар болады. Ол немесе оның ата-анасы (заңды өкілі) дәрігерге шақыртылып, оған профилактикалық мақсаттағы егу туралы толық әрі шынайы ақпарат беріледі. Сонымен қатар, иммундаудан кейін туындайтын ықтимал жағымсыз жағдайлар мен реакциялар, вакцинациялаудан бас тартудың салдары туралы ақпарат жеткізіледі.  Профилактикалық егу жұмыстары тек бекітілген форма бойынша ақпараттандырылған ерікті келісім негізінде ғана жүргізіледі.

Қызылшаға қарсы қолданылатын моновакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған, ол әлемнің 40-тан астам елінде қолданылады.

Қазақстанда 2015 жылдың сәуір айында аталған вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне 23 көрсеткіш бойынша сараптама жасалып, нәтижесінде вакцинаның физико-химиялық және биологиялық көрсеткіштері барлық нормативтерге сәйкес келетіні анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, қызылшаға қарсы вакциналаудың бірінші кезеңінде 529422 жасөспірім (60,1%-тан астам) қамтылған болатын. 




Яндекс.Метрика