Парламент

Мәжіліс «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында палата депутаттары «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады ДСӘДМ.
Астана қаласы30 Қыркүйек , 15:48

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заң жобасын Мемлекет басшысы айқындаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру шеңберінде әзірледі. Заң жобасын дайындау барысында үздік халықаралық тәжірибе мен әлеуметтік әділеттілік қағидалары қолданылды.

Заң жобасына сәйкес азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады.

Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді.

2020 жылға дейін өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған.

Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру Қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған абулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді.

Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі.

Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Жоғарыда аталған пакеттерге қосымша, ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасаған келісімшарт негізінде алатын болады.

Міндетті ай сайынғы жарналар мен ҚР ДСӘДМ медициналық қызметтерді төлеу Комитетінің базасында медициналық қызметтерді сатып алуды топтастыру үшін коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдастырушылық-құқықтық формасында әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры құрылатын болады. Қордың құрылтайы әрі жалғыз акционері ҚР Үкіметі болмақ.

 

 




Яндекс.Метрика