Өңірлер

Алматы облысында әр гектардан 700 центнер қант қызылшасы жиналды

Алматы облысында шаруалар қант қызылшасын гектарынан 700 центнерден астам көлемде жинап алды, деп хабарлады әкімдік.
Алматы 30 Қыркүйек, 15:19

Алматы облысында қант қызылшасын жинау енді басталды, алайда алғашқы нәтижелер өте жақсы. Фермерлер атап өткендей, аймақта мұндай мол түсім болмағалы көп болған.

«Ағымдағы жылы түсім мол. Мысалы, бір  қант қызылшасының салмағы  6,5-7 кг. Әр гектардан 700-750 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз. Біз Көксу қант зауытына қант қызылшасының алғашқы партиясын  жіберіп қойдық», - деді Сарқан ауданы «Ақ құдық» шаруа қожалығының басшысы Сержан Есімжанов.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына іс сапары аясында аймаққа қант қызылшасы бойынша бұрынғы атағын қайтаруды тапсырды. Осы мақсатта аймақ басшылығы сәйкесінше жұмыстар жүргізді. Қант қызылшасын өсіретін шаруаларға 240 млн теңге мемлекеттік субсидия бөлінді, арнайы техника, сапалы тұқым, жанар жағармай сатып алынды.

Бастысы есіл еңбек еш кетпей, жақсы нәтиже берді. Жалпы, облыс бойынша қант қызылшасы алқабы көлемі жағынан 4 орында.





Яндекс.Метрика